Ұлттық академиялық кітапхана Абайдың туған күнін атап өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүшін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының туған күніне орай поэтикалық музыкалық марафон өтті.
Іс-шара Абайдың рухани құндылықтарын, қазақтың ұлы ақынының өткені мен бүгінін бейнелейтін шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында өткізілді. Мерекелік жиын барысында «Ұлы даланың дана ойшылы – Абай» және «Ғасырлар үндестігіндегі рухани мұра» иллюстрациялық-кітап көрмелері, «Abai поэмалары. Өлеңдері мен аудармалары. Қара сөздер. Әндері» және «Абай-челлендж» кітаптарының тұсаукесері, Ұлы Абайдың өлеңдерін және әндерін оқу, «Құнанбай» кино көрсетілімі, «Абай ұлттың рухани гиппократы» атты дөңгелек үстел, «Абай бейнесі суреткерлер көзімен» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды.Кітапханаға жиналған қалың көпшілік Абайдың "Көзімнің қарасы","Желсіз түеде жарық ай","Қараңғы түнде тау қалғып" деген әндерін қосыла шырқады. Қазақстандағы өзге этнос өкілдері мен елшіліктен келген қонақтар өз тілдерінде Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқыды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 30 мамырында Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ЮНЕСКО) және Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (TURKSOY) қамқорлығымен өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Қ.Тоқаев өз сөзінде "Абай, шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық"- деген болатын.
Іс-шараға ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Тобаяқов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Нұрсұлтан қаласы филиалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы, жазушы, драматург Әнес Сарай, жазушы, прозашы, аудариашы Болат Болдаубай, сатирик-жазушы Көпен Әмірбек, ғалым, абайтанушы Омар Жәлел, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері, аудармашылар, әдебиеттанушылар мен әдебиет сыншылары, ғалымдар мен зерттеушілер, тарихшылар мен мәдениеттанушылар, дәстүрлі әншілер мен театр әртістері, кітапхана қызметкерлері, қала тұрғындары мен қонақтары, БАҚ өкілдері қатысты. Сонау Семейден Абайдың ұрпағы Ақылбайдан тараған Ләйлә әже келіп, шежірені тарқатты.
Сондай-ақ, іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы мәдениет,архивтер және құжаттама басқармасының ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасы "Ғасырлармен үндескен асыл қазына" әдеби композициясын әкелді.
Шараның мақсаты - қатысушыларды Абай оқырманы болған заманнан сақталып келе жатқан, ғұлама ақын пайдаланған, XVIII ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жарық көрген құнды әдебиеттерді көпшілік назарына ұсыну, кітапхананың сирек қоры жайында ақпарат беру.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматыда «Адамзаттың Абайы» атты мәдени іс-шара өтті
Келесі жаңалық
Бокстан Азия чемпионатына баратын ерлер құрамы белгілі болды
Өзгелердің жаңалығы