Ұлтай әжей 115 жасқа толды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үркін, төңкеріс, аштық, соғыс, қуғын-сүргін сияқты қиын да зардапты кезеңнің куәсі болған Ұлтай әжей 115 жасқа толды, деп жазады Muftyat.kz.
Ол Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданында 1905 жылы дүниеге келіп, тіршілікте адалдық пен ізгілікті жанына серік етіп, ырыс-берекенің маңдай термен ғана келетінін ұғынып, еңбекке ерте араласты.
16 жасында Мұса Сыздықов екеуі шаңырақ көтерді. Сөйтіп кешегі өткен аштық пен зұлмат жылдарды бастан өткізді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, отағасы әскер қатарына алынғанда бар ауыртпалық үйдегі жас келінге түсті. Қартайған ата-енесін бағып, аянбай еңбек етті.
Майданға аттанған ер-азаматтардың орнын жоқтатпады. Қандай қиындық болса да еңсесін түсіріп, ауыртпалықтарға мойымады. Ол өгізге соқа жегіп, жер жыртып, шөп те шапты. Таңның атысынан күннің батысына дейін белді бекем буып, қарбалас жұмыстың ортасында жүрді.
Ұлтай әжені әңгімеге тарта қалсаңыз, қазірге дейін ұзақ жасауының ешқандай құпиясы жоғын, бар сыры кезінде қазыналы қарт ата-енесінің жүрегін жарып шыққан ыстық лебізінде жатқанын алға тартады. Оларды сағынышпен еске алады.
Рудный қаласы "Нұр" мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы 115 жасқа толып отырған ардақты жанды мешіт атынан мерейтойымен арнайы құттықтады. Ізгі тілегін білдіріп, сый-сияпат жасады.