LRT, жаңа мектептер және үш зауыт: Астанада биыл не өзгерді?
Биыл Астанада халықаралық әуежай мен «Нұрлы жол» вокзалын жалғайтын LRT желісі іске қосылды. Елордада екі жаңа мектеп пен жеті оқу корпусы пайдалануға беріліп, алғашқы ревматология орталығы ашылды. Қалада тағы қандай өзгерістер болды? BAQ.KZ жыл қорытындысын шолып шықты.
Әуежай мен вокзалды LRT жалғады
Елордада ұзындығы 22,4 шақырым болатын жеңіл рельсті көлік желісі іске қосылды. Халықаралық әуежай мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалын жалғайтын желіде 18 станция бар. Пойыздар жүргізушісіз, автоматты режимде жүреді. Жоба қала ішіндегі қатынасты жеңілдетіп, жолға кететін уақытты қысқартуға бағытталған.
Қалада «Мыңжылдық» аллеясын қайта жаңарту жұмыстары да аяқталды. Тәуелсіздік даңғылы маңындағы аллея Су-жасыл бульварды оң жағалауға жалғастырып, елорданың қоғамдық және жасыл кеңістіктерін байланыстырады.
Жаңа мектептер мен оқушылар сарайлары ашылды
2026-2027 оқу жылына қарай Астанада тоғыз білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның екеуі – жаңа мектеп, жетеуі – жұмыс істеп тұрған мектептерге қосылған оқу корпустары. Жаңа ғимараттарда оқу кабинеттері, спорт залдары, асханалар мен коворкинг аймақтары бар. Қосымша корпустар мен жаңа мектептер оқушы орнының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Елордада 750 балаға арналған TANYM көпфункциялы кешені де ашылды. Аумағы 12 мың шаршы метрден асатын орталықта алты бағыт бойынша 33 балалар бірлестігі жұмыс істейді. Оқушылар өнермен, робот техникасымен, бағдарламалаумен, инженериямен және STEM-технологиялармен айналыса алады. Кешенде зертханалар мен мамандандырылған кабинеттер жабдықталған.
Биыл екі мемлекеттік оқушылар сарайы жұмысын бастады. TANYM ART Сарыарқа ауданындағы Бейбарыс сұлтан көшесі, 15 мекенжайында, ал TANYM SPORT Алматы ауданындағы Төлебаев көшесі, 3 мекенжайында ашылды.
Республикалық «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауында елорданың бес студенті үздік жүздікке енді. Олар оқу, кәсіптік даярлық, қоғамдық және жобалық жұмыстардағы нәтижелерімен ерекшеленді.
Астанада қазір 800-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 36-сы – ірі спорт кешені. Спорт залдары, стадиондар, бассейндер мен ашық жаттығу алаңдары қаланың барлық ауданында, соның ішінде шалғай тұрғын алаптарында да бар.
Алғашқы ревматология орталығы жұмысын бастады
Астанада алғашқы ревматология орталығы ашылды. Орталық мамандандырылған стационарлық көмектің қолжетімділігін арттыруға, дәрігер кеңесі мен ауруханаға жатқызуды күту мерзімін қысқартуға бағытталған. Мұнда түрлі бейіндегі дәрігерлер пациентке ем тағайындап, оны оңалтуға қатыса алады.
Индустриялық паркте үш зауыт іске қосылды
Елорда күні қарсаңында Астананың №1 индустриялық паркінде үш кәсіпорын пайдалануға берілді. Heart Center Foundations пластиктен медициналық бұйымдар, Nomad Tech Engineering жылу агрегаттарын шығарады. Ал TAZAU зауыты полипропиленнен блок-модульді тазарту қондырғыларын өндіреді.
Creative Aimaq өңірлердің қолөнері мен технологиялық жобаларын таныстырды
Биыл елордада өңірлердің шығармашылық әлеуетін таныстыратын Creative Aimaq жобасы басталды. Астаналықтар мен қала қонақтары жергілікті брендтермен және мәдени бастамалармен танысты. Көрмеде зергерлік бұйымдар, ағаштан, былғарыдан және киізден жасалған қолөнер туындылары, ұлттық киім топтамалары, музыкалық аспаптар мен заманауи технологиялық жобалар ұсынылды.