ЛРТ құрылысы. Пойыздар мен рельстер қайдан алынады
Астанадағы ЛРТ (LRT) қашан толық пайдалануға беріледі? Қазіргі таңда құрылыста қанша жұмысшы қызмет етіп жатыр? ЛРТ-ға осы уақытқа дейін қанша қаражат бөлінді? Осы және өзге де сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі шолу жасады.
Жоба қалай басталды?
Астана қаласындағы жеңіл рельсті транспорт (ЛРТ) құрылысы 2011 жылы жоспарланған еді. Бастапқыда жоба қаладағы көлік мәселесін шешу үшін қолға алынды. Онда қала арқылы өтетін 22 шақырымдық жол салу және 18 станция жасау көзделген. ЛРТ құрылысы тек жол салуға емес, сондай-ақ қала инфрақұрылымын дамытуға және қоғамдық көлікке балама ретінде қарастырылған еді.
Алайда жоба түрлі кедергілерге тап болды. 2015 жылы экономикалық мәселелер мен қаржылық дағдарысқа байланысты жоба тоқтатылды, бірақ кейін қайта жалғасты. 2018 жылы құрылыс қайта жанданса да, 2019 жылы қаржы тапшылығынан қайта тоқтап қалды. Бұл кезеңде қаржы бөлуде мәселелер туындап, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс басталды. Нәтижесінде бірнеше лауазымды тұлғаға қатысты тергеу басталып, кейбірі жауапкершілікке тартылды.
Жобаға қанша қаржы бөлінды?
Дегенмен көп жыл қордаланған мәселе ақыры шешімін тауып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны тез арада жүзеге асыруда тапсырды. Осылайша 2023 жылы бұл жобаға Ұлттық қордан шамамен 52 миллиард теңге бөлінді. Ал 2024 жылы құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін қосымша 45 миллиард теңге сұралған еді. Биыл республикалық бюджеттен 28,4 млрд теңге бөлінгені белгілі болды.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жобаны толық аяқтау үшін шамамен 500 миллиард теңге қажет. Оның тең жартысы құрылыс жұмыстарына жұмсалып үлгерді. Астанадағы ЛРТ жобасының жалпы құны - 1 млрд 888 млн доллар. Жобаның жұмыстарына 2,5 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылған.
ЛРТ құны өзгеруі мүмкін бе?
City Transportation Systems компаниясының мәлімдеуінше, келісімшартқа сәйкес Астана қаласының жаңа көлік жүйесі LRT жобасының құны нақты және түзетілмейді. Сондай-ақ сома өзгертілген жоқ.
Үкімет не дейді?
Бүгінгі таңда ЛРТ эстакадасының арқалықтарын төсеу кезеңі аяқталды. Cтансалардың негізгі темірбетон конструкциялары құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
2025 жылы рельстерді төсеу, стансаларды әрлеу және жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысын жүргізу, Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадалық бөлікті абаттандыру жүргізіледі.
Жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы - 22,4 шақырым. ЛРТ құрамына 18 станса кіреді. 652 адам сиятын 19 жылжымалы құрамды іске қосу жоспарлануда. Қозғалыс аралығы 4-5 минут.
Бастапқы кезеңде тәулігіне 25 мың адам жолаушылар ағыны күтіледі, бұл ретте жолаушылар ағыны ең жоғары уақытта тәулігіне 92 мың адамға жетуі мүмкін. Төлем жүйесі қалалық аналогы бойынша, көлік картасын валидациялау немесе QR-код арқылы төлеу арқылы қарастырылған.
«City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, барлық құрылыс жұмысын аяқтау және LRT іске қосу 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов жобаның сапасы мен іске асырылу мерзімдерін бақылауды күшейту қажетін айтады.
Мемлекет басшысы еліміздің көлік жүйесін дамытуға көп көңіл бөледі. ЛРТ жобасы бойынша инфрақұрылымды дайындау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, қаражат бөлінді. ЛРТ қала тұрғындарына, елорда қонақтарына қызмет етеді. Құрылыс жұмыстарының қарқыны артып келеді, оларды бәсеңдетпеу маңызды. Жоба ең жоғары деңгейде жүзеге асырылуы керек. Әкімдік пен орталық мемлекеттік органдар тарапынан бақылау күшейтілуі тиіс. Нәтижеге жұмыс істейтін боламыз, — деді Премьер-министр.
ЛРТ құрылысының 1-ші кезеңіне не кіреді?
Құрылысты бір уақытта бітіру мақсатымен, кезеңдер біріктірілді. 2024 жылға эстакаданы бітіру, бірнеше станцияның, соның ішінде 101-станцияның беткі жағын аяқтау, рельс салу жұмыстарын бастау жоспарланды. Барлық жұмыс ретімен жүргізіліп жатыр. Қазір эстакадалық жолының құрылысына қарастырылған барлық 799 тірек салынды. Жалпы эстакада бойынша жұмыстар жыл соңына аяқталады, - деді CTS компаниясының ресми өкілі.
ЛРТ қай жерден өтеді?
ЛРТ жолының жалпы ұзындығы - 41,8 шақырым. Жеңіл рельсті көлік жаңа мешітті, MEGA Center аумағын, соның ішінде ботаникалық бақты, Әбу-Даби плазаны, министрліктер үйін, Назарбаев университетін, Тәуелсіздік алаңы бар Орталық мұражайды және "Мыңжылдық аллеясы" ауданын қамтиды.
8 станция орналасатын жерлер:
101 – әуежай;
105 – Қабанбай батыр айналма жолы;
107 – MEGA;
109 – Ботаникалық бақ;
111 – Сығанақ көшесі;
112 – Абу Даби Плаза;
114 – Ұлттық музей;
118 – вокзал.
Рельстер мен пойыздар қайдан сатып алынды?
Жобаны іске асыруға China Construction Sixth Bureau, Yunnan Construction and Investment Holding Group Co., Longjian Road and Bridge Co., Tianjin Rail Transit Group Co., CRRC Tangshan Co LTD. сияқты жоғары стандарттарды сақтауымен танымал қытайлық жетекші компаниялар тартылған.
Сондай-ақ CRSCInternational, CASCO, HUAWEI Smart Transport BU компаниялары көлік жүйесінің қауіпсіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын байланыс, дабыл және автоматтандыру жүйелерін реттеуге қатысады.
China Railway Asia-EuropeConstruction Investment қосалқы мердігер компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй инновациялық технологиялар қолданылып жатқанын айтты. Жоба аяқталғаннан кейін жеңіл рельсті желі бойымен жүргізушісіз пойыздар іске қосылады.
Осылайша пойыздарда машиналық экипаж болмайды, яғни толықтай автоматты түрде басқарылады. Әр пойыздың сыйымдылығы 600 адамға дейін жетеді және жоғары деңгейдегі қауіпсіздік пен тиімділік стандарттарына сай жасалады.
Рельстер мен пойыздар 100 жылдық тарихы бар «CRRC Tangshan Co LTD» зауытынан сатып алынбақ.