LRT Қосшы мен ескі вокзалға дейін ұзартылмақ: Жоба қашан іске асады?
Компания басшысы қаржы табылса, Қосшы бағытын келесі жылдың соңында іске қосуға болатынын мәлімдеді.
City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев LRT желісін Қосшы қаласы мен елорданың оң жағалауына дейін ұзарту жоспары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
CTS басшысының сөзінше, Қосшы бағыты бойынша техникалық құжаттар дайын болғанымен, жобаның іске асуы қаржыландыру мәселесіне байланысты.
Технологиялық тұрғыда қарасақ, қаржыландыру болса, Қосшы бағытын келесі жылдың соңында аяқтауға болады. Қазір қаржы институттарымен белсенді келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қызығушылық жоғары, сондықтан бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын, – деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мердігер компания кей жұмыстарды өз қаражаты есебінен жүргізіп жатыр.
CTS мәліметінше, Қосшы бағытының мемлекеттік сараптамадан өткен техникалық құжаттары дайын. Жобаны қазіргі LRT құрылысын жүргізіп жатқан қытайлық компания жүзеге асыруы мүмкін.
Әзірге техникалық құжаттарды алдық, соның негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Қаржыландыру мәселесі жақын уақытта белгілі болады. Мұны ешкім жасырмайды, – деді Асылбек Дүйсебаев.
Сонымен қатар компания елорданың оң жағалауына, ескі вокзалға дейін созылатын жаңа бағыттың жобасы туралы да мәлімет берді.
CTS басшысының айтуынша, жақын күндері топырақты зерттейтін арнайы мұнаралар орнатылады. Сараптама нәтижелері шыққаннан кейін құрылыс басталмақ.
Жаңа бағыт Қонаев көшесі арқылы өтіп, Тұран даңғылы маңындағы Хан Шатыр ауданынан Кенесары көшесіне дейін жалғасады. Одан кейін стадион маңынан өтіп, Жеңіс көшесі арқылы ескі вокзалға дейін барады.
Барлығы эстакада түрінде салынады. Бұрын жермен жүргізу жоспарланған. Бірақ арада көп уақыт өтті, қазір ол аумақтарда құрылыс көбейіп кетті. Егер жермен жүргізсек, жолдарды жауып тастаймыз және көлік қозғалысына кедергі келтіреміз. Сондықтан басқа шешім жоқ, – деді CTS басшысы.
Оның айтуынша, оң жағалауға дейінгі LRT желісін қаржыландыру мәселесі шешілсе, шамамен үш жыл ішінде іске қосуға болады.
Еске салайық, бұған дейін LRT нақты қашан іске қосылатыны белгілі болған еді.
Тағы оқи отырыңыздар: Астанада жеңілдігі бар LRT картасын үйден шықпай қалай рәсімдеуге болады?
Астанадағы LRT желісіне бағдаршамдар орнатылды