LRT құрылысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталуы тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов есеп беру кездесуінен кейін брифингте Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталатынын айтты. 

«Нұр-Сұлан қаласындағы жеңіл рельсті көлік артериясының құрылысы үшін кезінде Қытайдың даму банкінен мемлекеттік кепілмен 1,5 млрд доллар сомасында қарыз тартылып, оның 344 млн доллары құрылысқа пайдаланылды. Қазіргі таңда мердігерлерге – бұл қытайлық компанияға қатысты мәселелерге байланысты, бұл желіні Қытай банкі қаржыландыруды тоқтатқаннан кейін қаржыландыру сызбасын қайта қарау шешімі қабылданды», - деді Қаржы министрі.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары үкіметте қытай банкінің қарызын қайта қаржыландыру үшін елорда әкімдігінің ұсыныстары қарастырылғанын айтты. 

«Қазіргі таңда ішкі нарықта 1,5 млрд доллар сомасында LRT Астана компаниясының облигацияларын шығару дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның 344 млн доллары алынған қарызды өтеуге, қалған 1,2 млрд доллары LRT құрылысына бағытталады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі бұл жобаның құрылысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталады деп күтілетінін айтып, уәде беріп отыр», - деді Смайылов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы