LRT ісі: Апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды
Астана қалалық сотының апелляциялық сатысы Астана LRT ісі бойынша сотталғандар мен олардың қорғаушыларының шағымдарын қарады. Бұл туралы BAQ.KZ Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бірінші сатыдағы соттың 2023 жылғы 3 мамырдағы үкімімен Қ. Сұлтанбеков, Т. Ардан бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салуды ұйымдастырғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы); Р. Аманжолов, Ж. Нұрпейісов, Т. Әшім, У. Ачилов, Д. Әбдіхамитов, Т. Қасабаев және Д. Мусенов бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салуға жәрдемдескені үшін (ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған.
Қ. Сұлтанбеков, Т. Ардан сырттай сотталды. Т. Ашим, Т. Қасабаев, Д. Мусеновке қатысты ҚК-нің 63-бабы – шартты соттау қолданылды.
Іс бойынша прокурордың талабы қанағаттандырылып, 5 млрд теңгеден астам келтірілген залал мемлекет пайдасына өндірілді.
2023 жылғы 18 шілдеде Астана қалалық сотының апелляциялық сатысы аталған адамдарға қатысты үкімді заңды, негізделген деп танып, өзгеріссіз қалдырды.
Сот актілері заңды күшіне енді.