LRT депосының құрылысы басталды

Қысқы кезеңнің басталуымен LRT жобасының негізгі инфрақұрылымдық нысаны – депоның құрылысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ "City Transportation Systems" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол Халықаралық әуежай маңайындағы 16,84 га аумақта орналасады. Депо LRT жүйесіне техникалық қызмет көрсету және басқару орталығына айналады.

Депо ғимараттарының жалпы ауданы шамамен 80 мың шаршы метрді құрайды. Онда жылжымалы құрамға толыққанды техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін қажетті барлық нысан орналастырылады. Кешен вагондарды жуу ғимаратынан, қосалқы бөлшектер мен жабдықтар қоймаларынан, жолдарды жөндеуге арналған арнайы техника, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту және біліктілігін арттыруға арналған әкімшілік ғимараттардан тұрады, - делінген хабарламада.

Депо аумағында пилотсыз пойыздарды басқару орталығы да құрылады. Автоматтандырылған басқару жүйесі қауіпсіздік пен тиімділікті едәуір арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ іске қосу, тежеу және станцияларда тоқтау сияқты процестерді автоматтандырып, адами фактордың әсерін барынша азайтады.

Эстакада бойынша негізгі құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты, қысқы кезеңде құрылыс технологиясына сәйкес, LRT жобасының жұмыстары депо құрылысына шоғырланады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы