1 Тамыз 2026, 14:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

LRT-де ұмыт қалған заттар иелеріне қайтарылып жатыр: 113-тен астам бұйым табылды

LRT іске қосылғалы бері жолаушылардың ұялы телефондары, сөмкелері және басқа да жеке заттары иелеріне қайтарылған.

LRT іске қосылғалы бері Tarlan Astana жолаушыларына ұмыт қалған 113-тен астам зат қайтарылды. Бұл туралы LRT станцияларында тұрақты түрде өткізілетін профилактикалық іс-шаралар барысында хабарланды.

Қазіргі уақытта барлық станциялар мен пойыздарда көлік полициясының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Осы уақыт аралығында олар жолаушылардан түскен 34 өтінішті қарап, 10 әкімшілік материал рәсімдеген.

Сонымен қатар LRT нысандарында көлік прокуратурасы мен көлік полициясы қызметкерлерінің қатысуымен тұрақты түрде профилактикалық акциялар ұйымдастырылады. Мамандар жолаушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы еске салады, сондай-ақ сұрақтарға жауап беріп, ақпараттық жадынамалар таратады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай профилактикалық жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі. Оның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, жолаушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру.