Лозанна-2020: Қазақстандық хоккейшілер алғашқы матчта жеңіске жетті

Алматы, BAQ.KZ. Жасөспірімдер Олимпиадасының алғашқы жарыс күні аяқталды. Бүгін айдынға шыққан қазақстандық хоккейшілер өз командаларына жеңіс әкелді деп хабарлайды Olympic.kz.

Олимпиада ойындарында алғаш рет шайбалы хоккейден 3х3 форматындағы турнир өтуде. Жасөспірім ерлер мен қыздар арасында өтіп жатқан жарысқа сегіз командадан қатысуда.

Олардың тобы әртүрлі түске бөлінген. Іріктеу кезеңінде командалар өзара ойнайды, ал жартылай финалда төрт үздік ұжым кездеседі. Аталған сында Қазақстан атынан екі қақпашы қатысуда. Олар – Алексей Байдек пен Кристина Чернова. Алғашқы матчта қазақстандық спортшылардың командасы жеңіске жетті.

Алексей Байдек сұр түсті команданың жеңіске жетуіне үлес қосты. Олар көк түсті команданы 9:8 есебімен ұтқан. Ал Кристина Чернова қызғылт сары командасымен бірге қызыл формадағы қарсыластарын 6:4 есебімен жеңді. 

11 қаңтар күні командалар екі ойыннан өткізеді.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы