Бүгiн 2026, 15:10 Фото: instagram.com/madiyar.ashkeyev.official/

Лос-Анджелесте қазақстандық боксшының үйі өртеніп кетті

Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеевтің Лос-Анджелестегі үйі өртенді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Боксшының айтуынша, өрт шамамен түскі төрттер шамасында, отбасы ауызашарға досының үйіне баруға дайындалып жатқан кезде басталған.

Үйдің ішінен күйік иісін сездім. Үйдегілерден: “Бірдеңе жанып жатқан жоқ па, тамақ күйіп кеткен жоқ па?” деп сұрадым. Олар: "Жоқ, бәрі дұрыс", – деді. Бір кезде гаражды ашсам, үйдің жартысы жанып жатыр, айнала қап-қара түтін. Біз отбасы мүшелерінің бәрін сыртқа алып шығуға үлгердік, – дейді боксшы.

Белгілі болғандай, өрт салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиғадан кейін спортшының отбасы уақытша достарының үйіне орналасқан.

Мадияр Әшкеев кәсіби бокста өнер көрсетеді. Ол кәсіби рингте 15 жекпе-жек өткізіп, оның 14-інде жеңіске жеткен, соның жетеуін нокаутпен аяқтаған. Жалғыз жеңілісін 2020 жылдың желтоқсанында Лос-Анджелестегі Wild Card Boxing кешенінде өткен бокс кешінде америкалық боксшы Чарльз Конуэллден алған.

Сонымен қатар спортшы әуесқойлар арасында 2014 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері және Astana Arlans командасының құрамында Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) қола жүлдегері болған.