8 Қараша 2026, 18:11 Фото: Fox News

Лос-Анджелесте көлік сегіз жаяу жүргіншіні қағып кетті

Зардап шеккендердің арасында үш жасар бала бар.

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында көлік тротуарға шығып кетіп, сегіз жаяу жүргіншіні қағып кетті. Оқиға Арлингтон-Хайтс ауданындағы Вашингтон бульварында болған.

Fox телеарнасының хабарлауынша, қалалық өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, оқиға орнында медицина қызметкерлері 10 адамды тексерген. Олардың сегізі, оның ішінде үш жасар бала ауруханаға жеткізілді. Шамамен 60 жастағы ер адам ауыр жарақат алған.

Алдын ала мәлімет бойынша, седан жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жол жиегінде тұрған машинаны соққан. Содан кейін көлік дүкеннің кіреберісі маңындағы тротуарға шығып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, соққыдан кейін екі адам көліктің астында қалған. Олардың қазіргі жағдайы туралы ақпарат әзірге жоқ.

Жүргізуші қауіпті көлік жүргізді деген күдікпен ұсталды. Құқық қорғау органдары мас күйде немесе есірткі әсерімен көлік жүргізуді апаттың болжамды себебі ретінде қарастырмайды. Ал жүргізушінің өзі көліктің тежегіші істен шыққанын айтқан.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.