Лос-Анджелес маңында жер сілкінді
Жер сілкінісінің магнитудасы 5,0-ге жеткен.
АҚШ-тың Калифорния штатының оңтүстігінде жер сілкінді. Жерасты дүмпулері ондаған афтершокпен жалғасып, Лос-Анджелес халықаралық әуежайында зақым келтірген. Сондай-ақ оқиға салдарынан жолаушылар ұшағы қонуын тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл туралы ВВС хабарлады.
АҚШ-тың Калифорния штатында магнитудасы 5,0 болатын жер сілкінісі тіркелгеннен кейін 40-тан астам қайталама дүмпу болған. Зілзала Лос-Анджелеске жақын орналасқан Манхэттен-Бич қаласында айқын сезілді. АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) дерегінше, жер сілкінісінің ошағы аталған қаладан оңтүстік-батысқа қарай бес шақырымдай қашықтықта орналасқан.
Табиғи апаттың салдары қала инфрақұрылымында да байқалды. AFP агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісі кезінде көліктердің дабылдары жаппай қосылып, Лос-Анджелес халықаралық әуежайындағы кейбір әйнектер сынған. Бұдан бөлек, жергілікті мұнай өңдеу зауытының үстінен түтін шыққан. Билік өкілдері мұны қауіпсіздік жүйелерінің автоматты түрде іске қосылуымен байланыстырды.
Алғашқы ақпарат бойынша, оқиғадан зардап шеккендер жоқ, ірі көлемдегі қирау тіркелмеген. Лос-Анджелес өрт сөндіру қызметі ықтимал қауіптің алдын алу үшін маңызды инфрақұрылым нысандарын тексеруге мамандар жіберді. Тексеру нәтижесінде қаладағы нысандардың зақымданбағаны және тұрғындар арасында зардап шеккендер болмағаны анықталды.
Әуежайдағы қауіпсіздік шаралары ұшақтың қонуына кедергі келтірді
Жер сілкінісінен кейін Лос-Анджелес халықаралық әуежайында әуе қатынасына қатысты сақтық шаралары қабылданды. Әлеуметтік желілерде «Дельта» әуе компаниясының ұшағы қонуға бет алған кезде диспетчерлерден қайта көтерілу туралы пәрмен алғаны түсірілген бейнежазба тарады.
Ұшақты қондырмау туралы шешім қауіпсіздік талаптарына байланысты қабылданған. Әуежай мамандары жер сілкінісінен кейін ұшу-қону жолағының жағдайын тексеріп, оның пайдалануға жарамды екеніне көз жеткізуі қажет болды.
Лос-Анджелес мэрі Карен Басс те әуе кемелерін қабылдауды жалғастыру үшін алдымен ұшу-қону жолағын толық тексеру керектігін мәлімдеді.
Жерасты дүмпулері сауда орнындағы тауарларға зиян келтірді
Зілзала салдарынан жергілікті кәсіпкерлердің бірі де материалдық шығынға ұшырады. Boccato’s Groceries дүкенінде сөрелерде тұрған жүздеген шарап пен өзге де алкогольді сусындар еденге құлап, жарамсыз болған. Дүкен әкімшілігі шығын көлемін шамамен 45 мың доллар деп бағалап отыр.
Сауда орнының өкілі Джей Херронның айтуынша, тауарлар бір емес, екі рет бүлінген. Алғашқысы негізгі жер сілкінісі кезінде болса, екіншісі бірнеше сағаттан кейін болған күшті қайталама дүмпу салдарынан орын алған.
«Біз бірнеше сағат аралықпен екі рет шығынға ұшырадық», – деді ол ВВС-ге.
Алғашқы дүмпу кезінде дүкен әлі ашылмаған. Ал қайталама жер сілкінісі болған сәтте сауда залында келушілер жүрген. Олардың кейбірі сөрелерден құлаған бөтелкелерден бой тасалауға мәжбүр болған.
Джей Херронның сөзінше, қызметкерлер күні бойы сынған заттарды жинап, дүкенді тазалаумен айналысқан.
«Біз бәрінен айырылған жоқпыз, дегенмен көп нәрсе бүлінді», – деді дүкен өкілі.
Калифорниядағы жойқын зілзалалар тарихы
Калифорнияда жер сілкіністері жиі кездескенімен, Лос-Анджелес төңірегінде соңғы он жылдан астам уақытта мұндай күшті дүмпу болмаған. Бұл жолғы оқиға негізгі жер сілкінісінен кейін көптеген афтершоктың тіркелуімен ерекшеленді.
Аймақтағы ең ауыр табиғи апаттардың бірі 1994 жылы болған. Ол кезде жер сілкінісінің магнитудасы 6,7-ге жетіп, 57 адамның өмірін қиды. Бірқатар ғимарат пен жол инфрақұрылымы қираған.
Ал 1906 жылы Сан-Францискода болған қуатты жер сілкінісі мен одан кейінгі өрттер салдарынан үш мыңға жуық адам қаза тапқан.