Лордтар палатасында қазақстандық-британ қатынастарының 30 жылдығы атап өтілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыбритания Парламентінің Лордтар палатасында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына және Британ-қазақстандық қоғамының (БҚҚ) 20 жылдығына арналған іс-шара өтті.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараны ашқан БҚҚ төрағасы Руперт Гудман Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсоннан жолдау алғанын хабарлады. Онда Үкімет басшысы Қоғамның екі ел арасындағы сауда және инвестициялық мүмкіндіктерді ілгерілетудегі, сондай-ақ ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауы мен «Жаңа Қазақстан» реформаларының ауқымды бағдарламасына ерекше назар аударды. Екіжақты бағыттағы соңғы жетістіктер арасында Глазгодағы Жаһандық климаттық саммитте қабылданған Қазақстан мен Құрама Корольдік үкіметтерінің Стратегиялық әріптестік және климаттың өзгеруіне ден қою жөніндегі бірлескен күш-жігер туралы бірлескен мәлімдемесі, сондай-ақ Алматыда британдық Де Монтфорт университетінің жаңа кампусының ашылуы атап өтілді.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Бұл процессте екі елдің қоғамдық, академиялық, саяси және бизнес орталары арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге ықпал ететін БҚҚ маңызды рөл атқарады.
Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға британдық серіктестердің қосқан елеулі үлесін атап өте отырып, Е.Ыдырысов БҚҚ төрағасы Р.Гудманға, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік топтың төрағасы, британ Парламентінің депутаты Боб Стюартқа, сондай-ақ Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстандағы Сауда өкілі баронесса Эмма Николсонға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарын табыс етті.
Іс-шараға 120-ға жуық қонақ, оның ішінде Ұлыбритания Парламентінің депутаттары, көрнекті британдық кәсіпкерлер, сондай-ақ Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.