Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегеріне пәтер табыс етілді
Ақмола облысының әкімі пәтер мен ақшалай сертификаттарды спортшыларға табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Анна Нұрмұхамбетовамен Париждегі Олимпиада ойындарына қатысуға дайындалып жатқан бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Карина Ибрагимовамен кездесті.
Спортшылармен кездесуде облыс әкімі алдағы жарыстарға табыс тілеп, отандық спорттың жетістіктеріне қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, спорттың дамуына облыс тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында Марат Ахметжанов Анна Нұрмұхамбетоваға пәтерге сертификат және Карина Ибрагимова мен жаттықтырушы Александр Высоцкийге ақшалай сертификат табыс етті.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов та сөз сөйледі.
Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысының спортшысы, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Анна Нұрмұхамбетова Лондондағы 2012 жылғы Олимпиада ойындарының күміс медалін ресми түрде табыс еткен.
Мұндай шешімді допинг-сынамаларды қайта тексеруден және медальдарды қайта бөлуден кейін Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясы мен CAS спорттық төрелік соты қабылдады. Бұған дейін Анна 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бесінші орынды иеленген еді. Алайда оның қарсыластары қайталама допинг сынақтарының оң нәтижесіне байланысты Олимпиада марапаттарынан айырылды.
Салтанатты рәсім Перу Республикасының (Оңтүстік Америка) Лима қаласында өтті.