19 Қараша 2026, 13:23 Фото: Ақорда

М.Ломоносов атындағы ММУ филиалы Қазақстанда 25 жылдан бері студенттер қабылдап келеді – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы елімізде 25 жылдан бері шәкірт қабылдап келе жатқанын атап өтті. 

«Қазір ауқымды ұйымдастыру жұмыстарының бірінші кезеңінен өттік деп айтуға болады. Осыған байланысты министр Саясат Нұрбекке ризашылығымды білдіремін. Әлемнің жетекші оқу орындарымен жемісті серіктестік орнатып, көптеген шетелдік университеттің филиалдарын аштық. Білім беру мен ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды жаңғырту басталды. Елімізде М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп келеді. Оқу орны Қазақстан мен Ресейдің білім-ғылым саласындағы тиімді ынтымақтастық алаңына айналды. Жақында аталған филиалдың ашылғанына 25 жыл болды. Мерейтойлық датаға орай білім ошағына барынша қолайлы, маңызды міндеттерді орындауға бейімделген жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді. Былтыр Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашты. Іргелі оқу орнының өкілдігі дипломатия, экономика мен цифрлық технология бағыттарында сұранысқа ие мамандар даярлауға кірісіп кетті. Астана қаласында институтқа арналған жаңа ғимарат салу қолға алынды», - деді Мемлекет басшысы. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда білім алғысы келетін шетел жастарының саны бір жылдың ішінде 10 мыңға артып, 41 мыңға жеткені хабарланды. 

Сондай-ақ, Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне қосылғаны айтылды.