Әлия Дәулетқызы: Еңбегіміз еленіп, құрмет тұтып жатқаны қуантады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дәрігер коронавирус індетімен күресте медицина қызметкерлеріне жасалған жағдай жоғары деңгейде екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы күрес шараларына тартылған медицина қызметкерлерін қолдау аясында олардың еңбекақысына ай сайынғы үстемеақы белгілеу туралы шешімді бекіткен болатын.

Елордалық ШЖҚ МКК көпбейінді медициналық орталығы инфекция бөліміндегі КВИ бөлімінің меңгерушісі Әлия Дәулетқызы еңбектерінің еленгені қуантатынын айтты.
Біз президенттің тапсырмасына сәйкес, үш есе еңбекақы және әкімдіктен сыйақы алдық. Бұл бізге, жалпы, медицина қызметкерлеріне көрсетілген үлкен көмек. Еңбегіміз еленіп, құрмет тұтып жатқаны қуантады. Тұтас ел үшін қиын кезеңде материалдық, рухани қолдау білдірген билікке алғыс. Себебі, дәл қазіргі сәтте негізгі салмақ дәрігерлерге түсіп отыр, - деді ол. 

Дәрігер коронавирус індетімен күресте медицина қызметкерлеріне жасалған жағдай жоғары деңгейде екенін жеткізді.
Қызметкерлеріміз арнайы көлікпен қамтылған, күніне екі мәрте қатынайды. Қажетті медициналық құралдар, маскалар, қолғаптар, арнайы киімдер, дезинфекциялық сұйықтықтар жеткілікті,-дейді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, медицина қызметкерлеріне төленетін төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 айдың ішінде жүргізіледі.

"Қауіптілігі аса жоғары" - реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстеме ақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды (Жалақының ең төменгi мөлшерi (ЖТМ), 850 мың теңге); 
"Қауіптілігі жоғары" - провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстеме ақы 10 ЖТМ (425 мың теңге) құрайды;
"Қауіптілігі орташа" - карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстеме ақы 5 ЖТМ (212,5 мың теңге) құрайды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы