Ливанда Израиль шабуылынан қаза тапқандар саны 569 адамға жетті
Ливан денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Фирас Абъяд елдің оңтүстік аудандарындағы израильдік бомбалау салдарынан құрбан болғандар туралы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ТАСС агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, Ливанның оңтүстік бөлігіндегі елді мекендерге жасалған шабуылдан көз жұмғандар саны 569 адамға жеткен. Сондай-ақ 1,8 мыңнан астамы жараланған.
Құрбандар арасында – 50 бала мен 94 әйел бар, сонымен қоса төрт жедел жәрдем қызметкері қаза тауып, 16-ы жараланған. Олардың көліктеріне әуеден соққы жасалған. Медицина қызметкерлеріне шабуыл қасақана жасалған деп ойлаймын, - делінген ведомство басшысының мәлімдемесінде.
Айтуынша, израильдік шабуылдан Бинт-Джбейль қаласындағы аурухана қираған.
Ливандағы медициналық мекемелер екі аптадан бері төтенше жағдай режимінде жұмыс істеуде. Ақпаратқа сәйкес, ауруханалар науқастарға лық толы.
Бұған дейін Израильдің қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Ливанда Бейрутке әуе соққысын жасаған болатын. Бомбалау салдарынан "Хезболла" операцияларының басшысы Ибрагим Акиль өлтірілді.