Литвада «Жаңа Қазақстанның» саяси реформалары талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Вильнюсте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауына және қайғылы қаңтардан кейінгі Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғаларға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Гибридті форматта өткен іс-шараға 40-тан астам адам қатысты, олардың ішінде Сейм депутаттары, СІМ, іскерлік топтар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ литвалық БАҚ журналистері болды.

Дөңгелек үстелді ашқан Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев қатысушыларды Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі тезистері, оның ішінде саяси жаңғыру, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер және Қазақстан үкіметінің дағдарысқа қарсы шаралары бойынша бастамалары туралы хабардар етті.

Қазақстандық дипломат еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, бизнесті қолдау және шетелдік инвестицияларды тарту үшін Үкіметтің кешенді шараларын іске асыру туралы айтып берді.

Литва Сеймінің Қазақстанмен парламентаралық байланыстар тобының төрағасы Эдмундас Пупинис мемлекет басшылығымыздың қоғамды одан әрі демократияландыру және парламент рөлін арттыру жөніндегі бастамаларын жоғары бағалады.

Іс-шара барысында Литва тарапына Қазақстанның Еуропалық одақпен сауда-экономикалық ынтымақтастығын арттырудың жаңа мүмкіндіктері туралы ақпарат жеткізілді.

Осы тұрғыда іс-шараға қатысушылар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын Вильнюс пен Каунастағы интермодальдық теміржол терминалдарымен ұштастыру мүмкіндігін талқылады. Бұл жүктерді Балтық елдеріне ғана емес, Орталық Еуропаның нарықтарына да жеткізуге мүмкіндік береді.

Литваның бұрынғы сыртқы істер министрі, «Avia Solutions Group» директорлар кеңесінің мүшесі Вигаудас Ушацкас өз сөзінде Қазақстан Еуразияның ең маңызды көлік торабы болып табылатынын, сондай-ақ еліміздің әуе тасымалының көлемі дамушы еуропалық нарықтар арасында бірінші орында екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде болып жатқан геосаяси өзгерістер аясында халықаралық бизнес Қазақстанда өнеркәсіп өндірісін ашуға немесе оны елімізге көшіруге қызығушылық танытып отыр.

Литва өнеркәсіпшілер конфедерациясының Бас директоры Ричардас Сартатавичюс литвалық бизнесті Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар ашудың жаңа мүмкіндіктерін пайдалануға және осы жылы жоспарланған іскерлік миссияларға қатысуға шақырды.

Литвалық серіктестер Қазақстан басшылығының тұрақсыз экономикалық конъюнктураның қазіргі жағдайында азаматтардың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған уақтылы шараларын жоғары бағалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы