18 Тамыз 2026, 16:55 Фото: «Ақ жол» демократиялық партиясы

Лицензия, қаржыландыру және инвестиция: «Ақ жолда» жекеменшік медицинаның мәселелері талқыланды

Қазақстанда лицензиясы бар 16 мыңға жуық жекеменшік клиника жұмыс істейді. Салаға салынған инвестиция көлемі шамамен 2,5 трлн теңгеге жеткен.

Астанада «Ақ жол» партиясының өкілдері жекеменшік клиникалардың басшылары және Қазақстан өңірлерінен келген дәрігерлермен жекеменшік медицинаны дамыту мәселелерін талқылады. Жиында лицензиялау, қаржыландыру, инвестиция тарту және медициналық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аударылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева медицина бизнесінің өкілдерімен ашық диалог форматында кездесті. Кәсіпкерлер жекеменшік клиникалар тап болып отырған қиындықтарды айтып, мемлекетті жекеменшік медицинаны денсаулық сақтау жүйесіндегі тең құқылы серіктес ретінде қарастыруға шақырды.

Кездесуде айтылған мәліметке сәйкес, Қазақстанда лицензиясы бар 16 мыңға жуық жекеменшік клиника жұмыс істейді. Салаға салынған инвестиция көлемі шамамен 2,5 трлн теңгеге жеткен. Сонымен қатар бизнес өкілдері қосымша қаражат тарту және медициналық инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін жағдайды жақсарту қажет екенін мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Тоғжан Қожалы жекеменшік медицинаның көптеген елдің денсаулық сақтау жүйесінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Бүкіл әлемде жекеменшік медицина – мемлекеттің тірегі әрі денсаулық сақтау жүйесінің іргелі негізі. Бұл – әлемдік тәжірибе. Өкінішке қарай, елімізде бүгінде жағдай басқаша қалыптасып отыр. Соның салдарынан медицина бизнесі жаппай жабылып жатыр. Сала көптеген жүйелі мәселеге тап болды, – дейді Тоғжан Қожалы.

Кездесу барысында тараптар жекеменшік клиникалардың қаржыландыруға қол жеткізуі, лицензиялау және медициналық инфрақұрылымды кеңейту мүмкіндіктерін де талқылады.

Еске салсақ, бұған дейін «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева бастаған Республикалық штаб өкілдері Шығыс Қазақстан облысының банк саласы қызметкерлерімен кездесіп, қарыз жүктемесі және салық мәселелерін талқылады.