Әлімжан Бекмағамбетов: Қостанай облысында 17 этномәдени бірлестік бар

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Енді бірер күннен соң Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясы өтеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облысындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі Әлімжан Бекмағамбетовтің пайымдауынша, кезекті сессия осы бағыттағы жұмыстарды тағы бір бағамдап алуға көмектеседі.

«Кезекті сессияға Ассамблея мүшесі ретінде төртінші мәрте делегат болып барғалы отырмын. Мен үшін бұл – мәртебе әрі тәжірибе. Өзім зерделеп жүргендіктен, осы бағыттағы жұмыстар мені үнемі қызықтырады. Қазір қызу жұмыс үстіндеміз», - дейді А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ заң факультетінің деканы, ҚХА Қостанай облысындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі, Nur Otan партиясының өңірдегі саяси кеңесінің мүшесі Әлімжан Бекмағамбетов.

Бүгінде Қостанай облысында 17 этномәдени бірлестік жұмыс істеп тұр. Олардың күнделікті тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп отырған Қоғамдық келісім үйі бар. Барлық бірлестік өкілдері бір атаның балаларындай, бір-бірінің іс-шараларына көмектесіп, атсалысып тұрады. ҚХА жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық топ – соларға бағыт-бағдар беретін ұйымдарың бірі.

«Біз консультативтік орган болғандықтан, жағдайды үнемі назарда ұстап отырамыз. Этносаралық, конфессияаралық келісім, тұрақтылық бізге жайдан-жай келген бақыт емес, бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының нәтижесі, қазақстандық модельдің жемісі. Бұл модельдің авторы тұңғыш президентіміз екенін жақсы білесіздер. Осы тұрақтылықты сақтау – әрқайсымызға сын. Сол үшін біз, бірқатар ғалымдар тобы жұмыс істеп жатырмыз», - дейді Әлімжан Бекмағамбетов.

Ол осы саладағы қызметін зергердің жұмысына теңеді. Әр бөлшегі үлкен қажырлықты қажет етеді және эстетикалық талғамың да маңызды рөл атқарады. Жұмысыңның нәтижесі көркем туынды сияқты шығуы керек: өте әсем әрі жұртқа қажетті.

«Ассамблеяның қоғамдағы орны – өте орасан. Соның арқасында қоғамдық келісім – мемлекетімізге ажар беріп тұрған зергерлік бұйым іспетті. Қоғам үнемі даму үстінде. Соған орай біз де жетіліп отыруымыз керек. Сондықтан, сессияларда бірыңғай біріктіруші идеялар ұсынылады. Мысалы, «Мәңгілік ел» патриоттық актісін алып қараңыз. Қазақстандықтарды «жеті тұғыр» арқылы бірігуге үндеген теңдессіз идея. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихты тануға үндеді. Ал осы жолғы сессия президент сайлауы қарсаңында өтеді. Жыл басында Nur Otan партиясының төрағасы ұсынған әлеуметтік бастамалар бар. Осындай орасан өзгерістердің бірі сессияның негізгі тақырыбына айналуы тиіс деп топшылаймын», - дейді ҚХА Қостанай облысындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі.

Тобыл-Торғай өңірінде ұлтаралық, конфессияаралық жағдай өте тұрақты. Әлімжан Бауыржанұлының айтуынша, бүгінгі әлеуметтік зерттеулер соны көрсетіп отыр.

«Бізде диаспора, кіші ұлттар деген ұғым жоқ. Бәріміз бірдейміз. Ол Ата Заңымызда да айтылған. Барлық этнос бір-бірімен тең қарым-қатынаста болғандықтан, елімізде тұрақтылық сақталып келеді», - деп ол ойын түйіндеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы