Сенім кеңесіне әртүрлі пікірдегі азаматтар тартылса екен – Лима Диас
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тамыз айындағы алғашы отырысы өтетін ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне әртүрлі пікірдегі азаматтар, жастар тартылуы керек. Мұндай пікірді «Аманат» азаматтық платформасының әкімшісі Лима Диас білдірді.
«Кезектен тыс президент сайлауының қорытындысына қатысты кейбір азаматтардың көзқарасы екіге жарылды. Осындай тұста халық сенім арта алатын кеңестің құрылуы дұрыс болды деп санаймын. Меніңше, бұл ұйым қоғамның сұранысына жауап бере алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде: «Мен президент ретінде еліміздің әрбір азаматының мүддесін қорғаймын және ол менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінен келіп түскен ұсыныстарды, бастамаларды мен алдағы уақытта міндетті түрде ескеремін», - деп айтты. Сенің ойыңмен сай келмесе де, басқаның пікірімен санасу қажет.Президент бұл кеңесті құрғанда, қоғамның түрлі өкілдері бір үстел басында ашық диалогқа келіп, өзара сенімді арттыруды қалаған болуы тиіс. Диалог дегеніміз – өзгенің пікірін құрметтеу, сыйлау, тіпті, қарама-қайшы пікірлерді де қабылдау. Өкінішке қарай, осы күні кейбір азаматтық қоғам белсенділері өзгелердің пікірін тыңдай бермейді. Өз пікірін бірден-бір дұрыс пікір деп санайды. Ендеше, кеңеске барлық пікірдегі азаматтар, жастар тартылса екен дейміз. Мұндай алаңдар әртүрлі пікірдегі адамдардың басын тоғыстырып, азаматтардың сыйластығын арттыруға көмектеседі" - дейді ол.
Айта кетейік, кеше жаңадан сайланған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы қаулы қабылдаған болатын.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы қаулы етті.
"Билік пен қоғам арасындағы диалогтың маңызы зор. Әр түрлі пікірлер бола береді, бірақ біртұтас қоғам керек. Сол үшін мен қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құру жөнінде шешім қабылдадым. Кеңес еліміздегі ең маңызды мәселерді талқылайды. Оның құрамына бірінші кезекте жастар кіреді. Алғашқы отырыс тамыз айында өтеді", – деді мемлекет басшысы.