Lider Z: Мүгедек адамдардың тағдырын өзгерткен онлайн мектеп
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда білім алу көпшілікке қолжетімді. Алайда адамның мүмкіндіктері кеңейе түскеніне қарамастан, мүгедектігі бар адамдар әлі де сапалы білім алу жолында қиындықтарға тап болып жатады. Салдарынан жақсы жалақы төленетін қызықты жұмысқа орналасу қиынға соғады. Мұның себебі көп. Бірақ негізгі факторлардың бірі физикалық және виртуалды кедергісіз ортаның болмауы болып қала береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, 2021 жылдың қаңтар айы бойынша республикамызда еңбекке қабілетті халықтың ішінде 419 880-і мүгедек жан. Дегенмен олардың тек 19%-ы, яғни 82 872-сі жұмысқа орналасып, тұрақты табыс табады.
«Ерекше Таңдау-Шелек» корпоративтік қоры мамандарының айтуынша, бұл пайыздық көрсеткішті ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін білім беру жобаларын жүзеге асыру және жаңа кадрларды дайындау арқылы ұлғайтуға болады.
Біз бұл бағытта бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Мүгедектігі бар адамдар арасында оқуға және жұмыс істеуге ниет білдірушілердің саны аз емес екенін көріп отырмыз. Себебі олар да жеке тұлға, қоғамның толыққанды бөлігі және жақсы білім алғысы келеді. Жұмыс оларға еркіндік бере алады, - дейді «Ерекше Таңдау-Шелек» КҚ бағдарламалық директоры Захира Бегалиева.
Өткен жылы бас серіктес «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Ерекше Тандау-Шелек» КҚ «Lider Z» кәсіби онлайн-мектебі» жобасы іске қосылды. Ол мүгедек адамдарды IT-дағдыларына үйрету және оларға одан әрі еңбек нарығын бағындыруға жәрдемдесу арқылы оларды қолдауға бағытталған.
Жақында мектеп өзінің алғашқы түлектерін шығарды. Түлектер өздерінің жеткен жетістіктерімен бөлісті.
29 жастағы Анастасия Гербеева SMM бойынша сертификатталған маман атанды.
Мен Ақтөбеде тұрамын, бала кезімнен мүгедектігім бар. Туғаннан бастап мен айналамдағы барлық адамға лайықты өмір сүруге болатынын айтып жүремін. Ата-анамды «ұзақ өмір сүрмейді» деп сендірген дәрігерлердің медициналық диагнозына қарамастан, сондай-ақ «үйде оқыған дұрыс және мұндай диагнозбен жалпы білім беру жүйесі сай келмейді» деп сендірген мұғалімдердің пікіріне қарамастан «Lider Z» онлайн мектебіне келіп, тағы бір сыннан өтуге мүмкіндік алдым, - дейді ол.
Дәл осы қадам Анастасияның кәсіпқой маман ретінде қалыптасуына түрткі болды.
2020 жыл менің өмірімді түбегейлі өзгертті. «Lider Z» онлайн мектебіне SMM курстарына студенттерді қабылдауға сілтемені көріп, ойланбастан өтініш бердім және өтпей қаламын-ау деген ойдан аулақ болуға тырыстым. Қазір мен оқуды сәтті аяқтап қана қоймай, осы бағытта жеңімпаз атанғанымды мақтан тұтамын, - деп атап өтті SMM маманы.
Анастасия Гербеева айтып өткендей, ол қазір SMM бойынша сертификатталған маман.
Бірақ менің басты мақтанышым – Ақтау қаласындағы NIS freelancer Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының мектеп клубында ментор болдым. Мен «Lider Z» жобасында алған барлық дағдымды көрсете алатыныма сенімдімін, - деп қорытындылады ол өз сөзін.
Сонымен қатар «SMM» курсы бойынша білім алған 38 жастағы Михаил Гвоздев те өз пікірімен бөлісті.
Мен Петропавлда инженер және ұстаздар отбасында дүниеге келдім. Бала кезімнен өз өмірімді тек шығармашылықпен байланыстырдым. Алайда әдеби талантқа ие бола отырып, IT-саласында жұмыс істеу ойыма кіріп көрмепті, - дейді ол.
Михаилдің диагнозы - шашыраңқы склероз.
Басыма түскен ауырпалыққа қарамастан, өзімді дамытуды жалғастыра беремін, - деп айтты петропавлдық.
Ол бос уақытында өлең жазып, спортпен айналысады.
Михаил «Lider Z» онлайн мектебінде «SMM» курсын бітіріп, бүгінде Қазақстандағы бейнебақылау жүйелерінің ірі дистрибьюторлық компанияларының біріне сайт әкімшісі болып жұмысқа қабылданды.
Мүгедектігі бар қызметкерге әлеуетті жұмыс берушілер таң қалады, қорқады, алаңдайды, бірақ біз жағдайдың өзгеріп жатқанын байқап отырмыз. Бизнестің әлеуметтік-жауапты секторының өкілдері азаматтардың осы санатына алғашқы еңбек тәжірибесін алу үшін, олардың кәсіби маман бола алатынын және қаржылық тәуелсіз өмір сүруге лайықты екенін дәлелдеу үшін жәрдемдесу қажет екенін түсінеді, - дейді Захира Бегалиева.
Бірінші топта мүгедектігі бар 30 адам оқытылды. Қазір мектепте екінші кезең өтуде, оған 33 адам қатысып жатыр.
Еске сала кетейік, Қазақстанда былтырдан бастап «LIDER Z» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кәсіби онлайн-мектеп әлеуметтік жобасы өз жұмысын бастады.