ЛГБТ үгіт-насихаты балаларға теріс әсер ететіні дәлелденді
Астанада "дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға" қатысты ақпараттық ортаның жасөспірімдерге әсері жөнінде кешенді зерттеу нәтижелері таныстырылды. Бұл бастаманы PhG докторы, құқық қорғаушы, "Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қоры" қоғамдық қорының жетекшісі Үсен Сүлеймен көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үсен Сүлейменнің айтуынша, қор қызметкерлері сараптамалық және құқық қорғау топтарының, соның ішінде 2024 жылдың жазында ЛГБТ үгіт-насихатына тыйым салу туралы петицияны қарастырған комиссияның жұмысына белсенді қатысқан. Сол кезде жұмыс тобы бастамашыл топтың талаптарын ішінара қолдап, балалар мен жасөспірімдерді медиакеңістіктегі сексуализацияланған контенттен қорғау қажеттігі туралы шешім қабылдаған болатын.
Біздің қор осы шешімнің орындалу барысын бір жыл бойы бақылап отырды. Жүргізілген мониторинг көрсеткендей, мемлекеттік органдар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының зерттеу жұмыстары шашыраңқы, өкінішке қарай, бірыңғай қорытындыға келмейді. Осыған байланысты біз осы салаға қатысты бар отандық және халықаралық зерттеулерді жинақтап, жүйелеу туралы бастама көтердік, – деді Үсен Сүлеймен.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесі ретінде Қазақстан және шетелдің ғылыми әрі әлеуметтану деректерін қамтитын есеп дайындалды. Зерттеу цифрлық кеңістіктің жасөспірімдердің жыныстық және гендерлік сәйкестікке қатысты түсініктерінің қалыптасуына әсері, сондай-ақ насихат мәселесін құқықтық реттеудегі халықаралық тәжірибеcіне бағытталды.
Зерттеудің негізгі тұжырымдары:
Жасөспірімдерге дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттау мәселесі маңызды және назар аударуға тұрарлық, өйткені:
Психология саласындағы зерттеулерге сәйкес, мұндай тақырыптағы контентті жиі тұтынатын жасөспірімдер өздерінің жыныстық және гендерлік сәйкестігіне қатысты ішкі күйзеліс, алаңдаушылық пен жайсыздық сезімін жиі бастан кешіреді;
Цифрлық кеңістік жасөспірімдердің көзқарастарының қалыптасуына, оның ішінде жыныстық бағдар мен гендерлік сәйкестікке қатысты түсініктеріне елеулі әсер етеді;
Жас ерекшеліктері мен психологиялық ерекшеліктер ескерілмей ұсынылатын, дәстүрлі емес қатынастарды насихаттайтын ақпараттық ағын жасөспірім тұлғасының қалыптасуына кері әсер етуі мүмкін;
Мультфильмдер, кітаптар мен сериалдар арқылы дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды символдық түрде қалыпты етіп көрсету жасөспірімдердің ішкі тұрақтылығы мен дүниетанымына кері ықпал етуі мүмкін.
Бұған дейін Астанада ЛГБТ-ның жасөспірімдерге әсері талқыланғаны туралы жаздық.