ЛГБТ насихатына тыйым: Сенатор заңды түсіндірді

Бүгін Сенат Қазақстан аумағында ЛГБТ насихатына толығымен тыйым салатын заңды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Руслан Рүстемов «Жаңа заң Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы емес пе?» деген сұраққа жауап берді.

Жалпы қабылданып отырған құқыққа қайшы контентке шектеу туралы заңға енгізіліп отырған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар ешқандай бағыттағы азаматтардың құқығын шектемейді. Бұл жерде жалпы дәстүрлі емес сексуалдық бағдар мен педофилияны насихаттауға толық тыйым салу нормалары енгізіліп отыр. Яғни бұл жерде ешкімнің жеке құқығына, оның бағдарына қол сұғылмайды. Бұл тек соны: дәстүрлі емес сексуалдық бағдар мен педофилияны насихаттауға толығымен тыйым салу жөніндегі нормалар қабылданып отыр. Бұл қабылданып отырған нормалар ҚР халықаралық ұйымдардың алдында алған міндеттемелері мен келісімдеріне қайшы келмейді, - деп түсіндірді сенатор.

Айтуынша, заң ешкімнің құқығын шектеуге бағытталмаған.

Сонымен қатар депутат жаңа нормаларды Қазақстан аумағында қолжетімді, бірақ шетелде өндірілетін медиаконтентке: фильмдерге, сериалдарға, онлайн-платформаларға қолдануды салалық ведомство реттейді деп отыр.

Мәдениет және ақпарат министрлігі ҚР аумағындағы түрлі әлеуметтік онлайн-платформалардың, халықаралық ұйымдардың өкілдерімен заңның нормаларын түсіндіру барысында жұмысты толық жүргізеді, - деді Руслан Рүстемов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы