Әлеуметтік топтама үлкен көмек болды – көпбалалы ана
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылдың бірінші сәуірінен бастап елімізде әлеуметтік көмек алатындардың қатары жаңа санатпен толыққан болатын. Атап айтқанда он алты жасқа дейінгі мүгедек балалар, барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушілер, сондай-ақ жергілікті жерде тіркелген жұмыссыздар жатады.
Осыған орай, Түркістан өңірінде кепілдендірілген әлеуметтік топтама алған аз қамтылған отбасылар мемлекет тарапынан көрсетілген көмекке ризашылықтарын білдіріп жатты. Солардың бірі көпбалалы ана, Түркістан қаласының тұрғыны Мөлдір Өтегенова жуырда аталған көмекті алып, үлкен қуанышқа бөленді. Ол үшінші топтың мүгедегі, алты баланың анасы, күміс алқаның иесі. Карантин кезінде жолдасы да жұмыссыз қалыпты.
Бес қыз, бір ұлдың анасымын. Үлкен қызым Арайлым 9 сыныпта оқиды, ең кенжем 5 жаста. Биыл мектепалды дайындық тобына барады. Бесеуі де мектеп оқушылары. Жақында әкімдіктің қызметкерлері мекенжай бойынша үйімізге іздеп келді. Сізге осындай азық-түлік тағайындалды деп алты қорапты әкеліп тастады. Шыны керек, алғашында тосылып қалдық. Себебі, біз мұндай көмек беріледі деп күткен де жоқпыз. Бала-шағамызбен риза болып қалдық. Қораптың ішінде "Lactel" сүті, жарма, балаларға арналған түрлі ботқа, макарон, пісте майы, печеньелер, одан бөлек екі қорапта химиялық заттар берілді. Кір жуатын ұнтақ, тіс пастасы, тіс щеткасы, шампунь, сабын тағы басқалары бар. Карантин кезінде жолдасым екеуміз де үйде отырып қалғандықтан бұл бізге жасалған үлкен көмек болды. Әлі сол азық-түлікті жаратып, игілімізге пайдаланып келеміз. Қиын-қыстау кезеңде ұмыт қалдырмай, осылай қол ұшын созып көмек берген мемлекетімізге шексіз алғысымды білдіргім келеді, - деді Мөлдір Өтегенова.
Тағы бір осындай көмек алған екінші бір отбасы ол, ағайынды Севара мен Саида Абдрасиловалар. Севараның айтуынша, анасының үйінің жанындағы уақытша баспанада сіңлісі Саидамен бірге тұрып жатыр.
Осында үш балам және сіңлімнің бір баласы бар, жалпы төрт баламен тұрып жатырмыз. Екеуміздің де жолдасымыз жоқ, ажырасқанбыз. Үлкенім 4 жаста, екінші балам 3 жаста, кішкентайым тоғыз айлық. Еш жерде жұмыс істемейміз. Карантин кезінде қиналып жатырмыз. Жұмыссыз отырған кезде әкімшіліктен азық-түлікті жеткізіп берді. Алдында әр тоқсан сайын балаларыма берілетін әлеуметтік көмек ретінде ақша алғанмын. Сол жақтың адамдары әкеліп берді. Қорапта Нестленің өнімдері, сұйық май, балалар печеньесі, гематоген, тағы басқалары бар. Одан бөлек, екі қорапқа гигиеналық заттар салыныпты. Балаларға арналған шампунь, сабын, тіс пастасы, кір жуатын ұнтақ дегендей. Бұл да болса сіңлім екеумізге үлкен көмек болды. Әкімдікке ризамыз. Карантин кезінде жағдайымызды ескеріп, ұмыт қалдырмады, - деді Севара Абдрасилова.
Коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде Үкімет тарапынан көрсетілген көмекке шын мұқтаж отбасылар қол жеткізіп жатыр. Оның тағы бір айғағы, түркістандық Фарагат Арипова да осындай әлеуметтік топтама алып, қуанышқа кенелген отбасылардың бірі. Айтуынша, карантинге байланысты жолдасы да жұмыссыз қалған. Үш баламен үйде отырған Ариповтер отбасына әкімдік алты қорап топтаманы дер кезінде жеткізіп берген.
Үш балам бар, үшеуіне тоқсан сайын алатын жәрдемақыға құжат тапсырған болатынмын. Бізге көмекті сол тізімнен көріп, берген болар деп ойлаймын. Өйткені, мен ешқайда көмек сұрап барған жоқ едім. Әкімдіктен Күлайым ханымның өзі бастаған бір топ азамат алты қорап азық-түлікті жеткізіп тастаған кезде қуанышымызда шек болмады. Жолдасым таксист болып жұмыс істейтін, қазір клиент те жоқ, жұмысы да тоқтап қалды. Өзім жұмысқа жарамаймын, денсаулығыма байланысты. Осылай қиналып жатқан кезде жеткізілген азық-түліктің үлкен көмек болғанын жасырмаймын. Әкімдікке ризашылығымызды білдіреміз. Барлығымыз осы карантинде бекітілген ережелерді қатаң ұстансақ, өзімізді де, өзгені де қатерге тікпесек, бұл қысылтаяң кезеңнен де тезірек шығармыз деп үміттенемін, - деді Фарагат Абубакирқызы.