Әлеуметтік көмек шалғайдағы ауыл халқын қамтуда

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектен Қарағанды облысының орталығынан шалғайда жатқан ауыл тұрғындары да шет қалмауда. Ақтоғай ауданында мамандар үйді-үйді аралап, аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдауына шақырып, әлеуметтік көмек жайында халықты ақпараттандыруды жалғастыруда.

Бүгінде Ақтоғай ауданында атаулы әлеуметтік көмек 835 адамды қамтыған. Осы арқылы айлық жәрдемақыны алуға құқылы деп танылған жандарға 11 миллион теңгеге жуық қаражат берілген. 

«Мемлекет тарапынан беріліп жатқан әлеуметтік көмектен ешкімде сырт қалмау керек. Аудан бойынша 17 округті аралап, ақпараттандыру жұмыстарын жасап жатырмыз. Әлеуметтік көмек беру жұмыстары әлі де жалғасын табады. Жұмыссыздық деңгейі де азайды. Халықты жұмыспен қамту бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 75 адамға қайтарымсыз гранттар беріледі және 66 адам қысқартылған мерзімедіг оқудан өтеді деп жоспарлап отырмыз», - дейді Ақтоғай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ержан Жанқабылов. 

Аудан әкімі Салтанат Әбеуова жекелеген тұрғындарды қабылдап, олардың өзекті мәселелерінің шешімін табуына септігін тигізіп, көкейкесті сұрақтарына жауап беруде. 

«Аудан әкіміне ең көп қойылатын сұрақ - әлеуметтік салаға байланысты. Яғни, жұмысқа орналастыру, жәрдемақы мәселесі, тұрғын үй алу сияқты мәселелер. Аудан басшысы азаматтарды мұқият тыңдап, қойылған сұрақтар аясында мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Тапсырмалардың орындалу мерзімі бақыланып отырады. Сонымен қатар, қабылдауға жұмыс сұрай келген жерлестерімізге несие алу, әр түрлі деңгейдегі қайтарымсыз гранттар алып, өз ісін ашу бойынша кеңестер берілді», - дейді Ақтоғай әкімінің баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы