Ленинград облысында әскери дәрігерлердің құрметіне гранит ескерткіш орнатылды

Павлодарлық іздестірушілер Ленинград облысында әскери дәрігерлердің құрметіне гранит ескерткіш орнатты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Ертіс өңірінің «Майдан жолы» іздестіру жасағы Ленинград облысы Лодейнополь ауданы Люговичи ауылының аумағында сұрапыл соғыс жылдары ерлік көрсеткен әскери дәрігерлер мен медбикелердің құрметіне гранит ескерткіш орнатты.

Дәстүрлі экспедиция «Батырлар жолымен» халықаралық жобасы шеңберінде жүргізілді. Осы ескерткіш арқылы жасақ мүшелері Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында 314-атқыштар дивизиясы 243-бөлек санитарлық батальонының ерлігіне тағзым етті.

«Майдан жолы» отрядының командирі Александр Шитовтың айтуынша, жергілікті тұрғындардың ұрпақтары соғыс жылдары жауынгерлерді емдеуге атсалысқан қазақстандық ақ желеңділердің ерлігін ұмытар емес. Олардың арасында жас кезінде сарбаздарға көмекке келгендері де бар.

Биылғы жобамыз 22 маусым күніне арналды. 82 жыл бұрын дәл осы күні халық жадында мәңгілікке сақталатын Ұлы Отан соғысы басталды. «Естелік вахтасы» шеңберінде іздестірушілеріміз соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен отандастарымыздың жатқан жерін табумен айналысты. Қазба жұмыстары Ленинград облысының Подпорож және Лодейнопольск аудандарының аумағында жүргізілді. Экспедиция құрамында сегіз тәжірибелі іздестіруші болды, - дейді Александр Шитов.

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ жерінде құрылған 314-ші және 310-атқыштар дивизиялары Ленинград қаласын қорғау ұрыстарына қатысқан.

Айта кетейік, павлодарлық жасақ 14 жыл ішінде жауынгерлердің ерлігіне арналған 24 жаңа ескерткіш орнатып, аты-жөні белгісіз қалған 300-ге жуық солдаттың жатқан жерін тапты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы