Леңгірде сел қаупі сейілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төле би ауданы әкімінің баспасөз қызметі табиғи апаттың салдарын жоюға 126 қызметкер, 31 арнайы техника, 14 мотопомпа жұмылдырылды, деп хабарлады.
6 мамыр сағат 15:00-ден бастап қатты жауған нөсерлі жауын-шашын салдарынан оңтүстік өңірдегі Төлеби ауданы, Леңгір қаласындағы Леңгір өзенінің деңгейі суды өткізу мүмкіндігінен бірден үш есе көтерілген. Соның салдарынан өзен жағалауы бойында орналасқан Жамбыл көшесіндегі 2 үйге, Жамбыл, Сейфуллин, Төле би, Сәулембаев, Таскешу көшелеріндегі 6 сарай, 16 ауланы, 1 гараж, 1 монша, 1 жазғы асхананы су шайып өтті. Жағдайға байланысты жедел штаб құрылып, анықтау жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, аталған өзен бойындағы Жаңаұйым елді мекеніндегі Бекбауов және Ленгер қаласындағы Қырықбаев, Энергетика, Күмістөбе көшелеріндегі газ құбырына зақым келуіне байланысты жалпы 121 тұрғын үй газ жүйесінен уақытша ажыратылды, - делінген хабарламада.
"Көктерек" су жинау имаратының жұмысы тоқтатылып, Леңгір қаласының шығыс бөлігіндегі 3200 абонент "Александровка" су жинау имаратындағы №1, 3 скважиналар арқылы уақытша ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Құтқару жұмыстарына аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық полиция бөлімі, "Қазселденқорғау" мекемесі тарапынан 126 қызметкер, 31 арнайы техника, 14 мотопомпа жұмылдырылды.
Төлеби ауданы әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімінің шұғыл әрекет етуімен Леңгір өзені арнасы кеңейтіліп, кедергілер тазаланып ретке келтірілді. Аудан әкімі Бауыржан Омарбеков ауласына су кірген әр үй тұрғындарымен кездесіп, жағдайымен танысуда. Сонымен қатар аудан әкімдігіне қарасты мекеме қызметкерлерін жұмылдыра отырып, сел салдарынан болған тұрғын үй аулаларындағы лай көшкіндерін тазалаумен қатар, шығындарды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Қазір қала орталығындағы Ленгір өзені суы қалыпты деңгейге түсті, - делінген ақпаратта.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елордалық шаштараздар 2 күнде 1,7 млн теңге табыс тапқан
Келесі жаңалық
Перизат Қайрат 10 жылға соттала ма
Өзгелердің жаңалығы