Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 200 мың адамнан асты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Сәрсенбі күні әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 200 мың адамнан асты. АҚШ-та және басқа да елдерде адамдар оқшаулау және карантин жағдайына бейімделіп қалды, деп хабарлайды NBC News.

Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, қазіргі уақытта әлем бойынша 214 428 адам ауруға шалдыққан, 8 мыңнан астамы көз жұмды. Құрама Штаттар мен Еуропаның көптеген елдері осы аптада коронавирустың алдын алу шараларын қабылдады. Соның ішінде коменданттық сағат енгізіліп, қозғалысқа шектеу қойылды. Еуропа шекараларды жауып жатыр.

АҚШ-та коронавирустан ажал құшқандар саны сейсенбі күні 100 адамнан асты. Індетті жұқтыру фактілері барлық 50 штатта тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 деп атау берген жаңа коронавирус 150 елде, соның ішінде Қытайда таралды. ДДҰ бұл індетті жаһандық пандемия деп жариялады. Қазіргі уақытта тіркелген індеттің 50% астамы Қытайдан тысқары елдерде анықталған, деп хабарлайды Pharmaceutical Technology.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайда коронавирусты 80906 адам жұқтырған. Инфекцияға шалдыққандар бойынша екінші орында Италия (35730) тұр. Үшінші орында - Иран, онда науқастар саны 17361 адамға жетті. Испанияда 13910 науқас тіркелді. Алтыншы орында – Оңтүстік Корея (8,413). Францияда 7730 жағдай анықталса, АҚШ-та - 6524. Швейцарияда 2742 адам және Ұлыбританияда 1960 адам вирусқа шалдыққан.

ЮНКТАД болжамды бағалауына сәйкес, коронавирус індетінің салдарынан экономикасы қатты зардап шеккен елдер арасында – Еуропа одағы, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань және Вьетнам бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы