Әлемде 56 үздік Конституция бар, соның бірі біздің Ата Заң - профессор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мәселен, Сенаттың 15 мүшесін Президент өз жарлығымен тағайындайды. Бұл да дұрыс емес. Биліктің бастауы халық дейміз. Сондықтан Сенаттың кез келген депутатын халық сайлау керек. Сонда ғана әділетті болады. 

Биыл Ата Заңымызға 25 жыл толып отыр, бұл деген ширек ғасыр. Қазақ «заманына қарай –амалы» деп бекер айтпаған. Халықты жұмылдыру керек, өйткені халық - биліктің бастауы. Бұл туралы заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арықбай Ағыбаев сұхбат барысында айтты. 

Конституция арқылы басқа заңдарды дамытамыз 

Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Осы Конститутцияның негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз... 

ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Ата Заңның маңыздылығы азаматтардың өмірін, тұрмысын жақсарту. Бейбіт өмір сүру. Халықаралық қатынастарды нығайту. БҰҰ-ы қағидаларын сақтау сияқты мәселеге арналған. 

Біздің Конституция тоғыз тараудан тұрады. Ең негізгісі адамдар мен азаматтардың құқықтары және міндеттері. Осында бәрі көрсетілген. Бұрынғыдай шектеу жоқ, қазір қайда барам десең де жол ашық. Бастысы Конституцияны сақтау керек, жергілікті атқарушы биліктің ұйғарымын қадағалап, ұстау керек. 

Конституцияның ерекшелігі неде дегенге келсек, басты ерекшелігі заңдылықты нығайту. Азаматтардың заңды толық меңгеріп, оны ұстануы. Оған қоса ел азаматтарының Отанға қызмет етуі. Айналасына адамгершгілік қатынаста болуы, ешкімге жамандық жасамай, қоғамға жақсылық жасауымен ерекшеленеді. 

Қазақстан мемлекеті құрылысы жағынан бұрын партиялық болса, қазір Президентке бағынамыз. Сондықтан Конституцияда Президент туралы арнайы тарау бар. Онда Президенттің өкілеттігі, қызметі, барлығы жазылған. Конституциялық кеңес сол заңның орындалуын бақылап отыратын орган. Ата Заңда өзгеріс, толықтырулар болса, оның барлығы осы Конституциялық кеңес арқылы шешіледі. Сол арқылы жүзеге асырылып отырады. 

Конституцияның тағы бір ерекшелігі – азаматтардың патриоттық сезімін нығайтуы. Отанды қорғау, әскер қатарында ерікті болу, соғыс ашпай, бейбітшілікті сақтау. Соның барлығы Конституцияда толықтай баяндалған. 

Ата Заң - азаматтардың міндеттері мен құқығы. Құқық дегеніміз не? Ол адамдардың өзінің қолынан келетін іс-әрекетті жасауы. Адамға қамқор болу, екінші бір адамға тіл тигізбеу, оның абыройына нұқсан келтірмеу. Осының бәрі Конституцияда көрсетілген. 

Конституцияның жақсы жағы – ол барлығына ортақ заң. Бүкіл нормативтік актілер, заңдар осы Ата Заңға қайшы келмеу керек. Қайшы келсе Конституцияның күшін жояды да ол заң іске аспайды. Біздің негізгі құжатымыз Конституция, сол арқылы басқа заңдарды дамытамыз. Сондықтан оған ешбір заң, нормативтік актілер қайшы келмеу керек. 

Біздің Конституцияда соттың қызметі жақсы жазылған. Яғни, біздегі сот халыққа қызмет істеп, адал, әділ болу керектігі көрсетілген. Дегенмен қазір көптеген судялар қызметін дұрыс атқармай жауапқа тартылып жатыр. Бірақ бізде әділдік басым. 

Дүние жүзінде 56 үздік Конституция бар, соның бірі біздің Ата Заң. Бұның өзі біздің Ата Заңымыздың жақсы жазылғанын, халықтың қамын ойлайтынын білдіреді. БҰҰ-ға қарайтын Адам құқықтары жөніндегі комиссия біздің Ата Заңға жақсы баға беріп, жақсы жағынан көрсеткен. 

Ата Заңға ширек ғасыр болды деп отырмыз, қалай ойлайсыз қазір оған толықтырулар енгізу қажеттілігі туындап тұр ма? 

Заманына қарай амалы дегендей, Конституцияда қазір өзгертетін жерлері де бар. Яғни уақыт ағымына қарай бейімдеп, дүние жүзінің даму тарихына сәйкестендіру керек. Мысалы, бізде екі палата бар, Сенат және Мәжіліс. 

Осы қос палатаны тең дейміз, бірақ кейбір баптарда екеуінің құқықтық айырмашылықтары көрініп қалады. Мәселен, Сенаттың ерекше қарауына деген жолдар бар. Бұл жерде Сенат қана қарайды, Мәжіліс қарамайды деген сөз. Жоғарғы соттың төрағасы, оның судьяларын, оған қоса Адам құқықтары жөніндегі өкілдікті тек Сенат қана қарайды. Мәжіліс неге қарамайды? Депутат болған соң, қос палатаның құқығы бірдей, сондықтан екі жақтап қарау керек. Бірінің кемшілігін екіншісі толықтырып, әділ баға беру керек. 

Осы тұста тағы бір айтатыным Сенаттың 15 мүшесін Президент өз жарлығымен тағайындайды. Бұл да дұрыс емес. Биліктің бастауы халық дейміз. Сондықтан, Сенаттың кез келген депутатын халық сайлау керек. Сонда ғана әділетті болады. Биыл Ата Заңымызға 25 жыл толып отыр, бұл деген ширек ғасыр. Қазақ «заманына қарай –амалы» деп бекер айтпаған. Сайлауға халықты жұмылдыру керек, өйткені халық биліктің бастауы. Халық бар жерде - билік бар, халық бар жерде - Үкімет бар, халық бар жерде – сайлау бар. Қазір бейбіт заман, халық жақсы дамыды. Елімізді әлемнің бәрі біледі. Осындай өзгерістер енгізсе жақсы болар еді, әйтпесе біздің Конституция өте жақсы жазылған және жұмыс істеп жатыр. Сенет та, Мәжіліс те, Жоғарғы кеңес пен Президент те тиісті қызметін атқарып жатыр, оған сын жоқ. 

Халыққа Конституцияны түсіндіретін курстар керек 

Бізде халықтың Конституцияны меңгеру жағы кемшін түсіп жатқан сияқты. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?   

Сұрағың орынды. Ел тұрғындарының бәрі Ата Заңды білу керек, ол үшін оларға арнайы курстар әзірлеп оқыту керек. Әрбір мекеме, ұйым болсын адамдарды жұмысқа қабылдағанда Конституцияның талаптарын, ережелерін жақсы түсіндіруі қажет және соның заңдылығына сай жұмыс істеуі керек. Одан бөлек мекемелер жанынан курс ашып, халыққа заңдылықтарды үйреткен абзал. Қазақстанның әрбір азаматы Ата Заңды білгені жөн, білмесе үйрету керек. Бізде халықтың басым көпшілігі заңды біле бермейді. Конституцияда Қазақстан құқықты мемлекет екені жазылған. Ондай елде әрбір азамат өз міндетін, құқығын білгені жөн. Ол үшін жұмысқа тұратын әрбір азамат Конституцияны жақсы түсіну керек. Егер халықты жаппай оқытатын болса көпшілік өз құқығын қорғай білетін болар еді. Сол кезде әділ сот та дамып, өркендей түседі. 

Жалпы Конституция халықтың пікірімен сәйкес болу керек. Халық не айтады, соны ескеріп отыру қажет. Конститутциялық кеңес халықтың пікірін жинайды. Сол арқылы түзетулер енгізіп, толықтырып отырады. Өзгермейтін мәңгілік заң болмайды. 

Ата Заңда мемлекеттік тіл қазақ тілі деп жазылған, алайда көп жерде сол тілді қолдану сақтала бермейді. Бұл Конституцияның орындалмай жатқанын көрсетпей ме? 

Рас, Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бірақ орыс тілі мемлекеттік тілмен тең қолданылады деп жазылған. Осы «теңдікті» алып тастау керек. Орыс тілі – тіл білмеген адамдарға ғана жүзеге асады деп көрсету қажет. «Тең» деген сөз орыс тілі де мемлекеттік деген ұғымды білдіріп тұр. 

Одан бөлек қазақтың өзі ана тілін құрметтей білуі керек. Қазір елдегі 80 пайыздайын қазақ құрайды. Өкінішке қарай, көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Алдымен өзіміз тілге құрмет көрсетсек, басқалар да сөйлеп кетер еді. Яғни, өз тіліңді қорламай, биік ұстасаң ғана бәрі дұрыс болады. 

Конституцияда демократиялық принциптердің қамтылғаны қуантты 

Бізде заңдар алдымен орысша әзірленіп, кейін қазақ тіліне аударылады деп жатады. Бірден қазақ тілінде дайындауға болмай ма? 

Ол дұрыс емес, заң алдымен мемлекеттік тілде шығарылу қажет. Содан кейін барып қана түсіндірме үшін орыс тіліндегі аудармасы берілу керек. Түсінетін адамдар қазақша сұрақ қойып, сол бойынша жасалу қажет. Оны орысша айт деп күштеуге болмайды. 

Біз мемлекет құраушы ұлт болған соң, елдегі басқа ұлттардың бәрі мемлекеттік тілді үйрену керек. Осы бағытта бізде жұмыстар ақсап жатыр. Оған жоғары биліктегілер көңіл бөлу керек еді. Қазақ тілін дәріптеп, оның ауқымын кеңейтуге күш салуы қажет. 

Біз Кеңес заманында орысша білім алдық. Сол кездегі адамдардың көпшілігі әлі де билікте отыр. Әйтпесе Тәуелсіз мемлекетпіз, өз Конституциямыз, шекарамыз, өз тіліміз бар. 

Конституция алғаш қабылданған кезде қандай әсерде болдыңыз? 

Ата Заңды әзірлеу, жобасын дайындау оңайға түскен жоқ. Онда дүниежүзілік тәжірибе қаралды. Дамыған елдердің Конституциясын салыстырып, соның жақсы жақтарын алды. Алғаш оқыған кезде қуандық. Көп айырмашылық, жетістіктері бар. Көптеген демократиялық принцип қамтылған, сондықтан қуандық. Қазақстан жеке ел болған соң Ата Заңда өзіміздің ұлтық дәстүріміз, салтымызға қатысты көптеген элемент кірген. Конституция - елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің темірқазығы. Сондықтан оны әрбір азамат құрмет тұтуы керек.  

Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы