Әлем чемпионатында балуандарымыз қуантады деп үміттенемін – федерация вице-президенті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл елімізде күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Елімізде алғаш рет өтетін дода жөнінде өз пікірімен 2019 жылғы әлем чемпионатының ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай бөлісті. 

«Қыркүйектегі чемпионатқа 3500 аккредитациядан өткен қатысушы келеді деп күтіп отырмыз. Олардың арасында балуандар, бапкерлер, дәрігерлер, журналистер, халықаралық олимпиада комитетінің өкілдері, спорт функциионерлері бар. Одан бөлек, чемпионатты тамашалау үшін көрермен көп жиналады деп үміттенеміз. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін күрес жанкүйерлері біздің республиканың бас қаласында жиналатын болады. Біз Қытайда өткен соңғы Азия чемпионатының бродкастинг бойынша сандық көрсеткішін сұратып алдық. Ондағы мәліметке сәйкес, ТВ және желідегі видеолар бойынша құрлық біріншілігі 430 млн рет қаралған. UWW (Біріккен күрес әлемі) бағасы бойынша Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионаты бұдан әлдеқайда көп көрілім жинайды деп күтілуде. Синергетикалық эффект астананың имиджі үшін өте тиімді болмақ. Тек біздің федерацияның өзі қатысушыларға 1000 қонақ үйдің нөміріне тапсырыс қабылдап алды. Бұған әлем чемпионатын тамашалауға келетін көрерменді қосыңыз. Әлем чемпионатының билетін сатуды 2 апта бұрын бастадық. Осы аз уақыттағы көрсеткішке кішігім талдау жасап көрдік. Ең көп билетті АҚШ , сосын Ресей, Қазақстан, Финляндия азаматтары сатып алған», - дейді федерацияның вице-президенті.

Қазақстан балуандары әлем чемпионатында алтын алмағанына биыл 20 жыл болады. Оның айтуынша, балуандарымыз сол олқылықтың орнын толтыру үшін және жанкүйерлерін қуанту үшін барын салады.   

«Қазақстандық жанкүйерлер балуандарымыздан алтын медаль күтіп жүргенін жақсы түсінеміз. Грек-рим күресінен әлем чемпионатында алтын алмағанымызға 20 жыл болды, ал еркін күрестен әлі күнге чемпион шықпаған. Мұндай сәтсіз серия бір күні тоқтау керек қой. Бәріміз күтіп жүрген алтын медаль Нұр-Сұлтанда бұйырып жатса, тіптен керемет болар еді. Әлем чемпионатында отандық балуандар лайықты нәтиже көрсетеді деп ойлаймын. Бірақ алтын медаль болады деп алдын-ала уәде ете алмаймын. Алайда, өзге жүлденің болатыны анық. Спортшылар мен бапкерлер штабы қандай жауапкершілік арқалап отырғандарын жақсы түсінетіне сенімдімін.  Ешкім оңайшылықпен жеңіле салмайды, жігіттердің бәрі еліміздің атын өз жерімізде өтетін әлем чемпионатында лайықты түрде қорғау үшін бар күштерін салады деп ойлаймын», - дейді Ерлан Қожасбай. 

Айта кетейік, бүгін елордада грек-рим, еркін, әйелдер күресінен кадеттер арасында Азия чемпионаты басталды. 

Құрлықтық дода Біріккен күрес әлемінің ережесі бойынша өтеді. Оған 14-16 жас аралығында жасөспірімдер қатысып жатыр. Чемпионатқа Азияның 19 елінен 300-ден астам спортшы келген.  Жарыс 7 шілдеге дейін жалғасады. 

Ал грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты Қазақстан астанасында 14-22 қыркүйек аралығында өтеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы