LEGO Португалияда 1 млрд еуро тұратын жаңа зауыт салды
Құрылысы 2027 жылдың бірінші жартысында басталады деп жоспарланған зауыт Еуропадағы төртінші LEGO кәсіпорны болмақ.
Даниялық LEGO компаниясы Португалияның Эштаррей қаласында жаңа зауыт салуға шамамен 1 млрд еуро инвестициялайды. Кәсіпорын 2030 жылы іске қосылып, толық қуатына шыққан кезде 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтиды, деп хабарлайды Euronews.
Құрылысы 2027 жылдың бірінші жартысында басталады деп жоспарланған зауыт Еуропадағы төртінші LEGO кәсіпорны болмақ. Компанияның мәліметінше, бұл өндіріс орны ең автоматтандырылған әрі технологиялық зауыт болады. Мұнда ойыншық бөлшектері өндіріліп, дайын жиынтықтар қапталады.
Кәсіпорынның жалпы аумағы 60 гектарды құрайды. LEGO өндірісті жаңартылатын энергия көздерімен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Жергілікті күн панельдері мен энергия сақтау жүйелері зауыттың электр қажеттілігінің шамамен 80 пайызын өтейді деп күтілуде.
Компания жаңа зауыттың Еуропа, Таяу Шығыс және Африка нарықтарындағы сұранысты қамтамасыз етуге көмектесетінін атап өтті. Сонымен қатар өндірістің тұтынушыларға жақын орналасуы жеткізу тізбегін қысқартып, тасымалдың қоршаған ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
LEGO-ның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы тұтынушылық сатылымы 22 пайызға өскен. Ал компанияның кірісі 21 пайызға артып, 41,9 млрд дат кронына (шамамен 5,6 млрд еуро) жеткен. Осы өсім аясында өндіруші әлем бойынша өндірістік қуатын кеңейтіп жатыр.