Легионерлер мен спорт түрлері: Салада не өзгереді?
Соңғы уақытта қазақ спорты халықтың сынына ұшырап жүргені жасырын емес. Оған себеп қыруар қаржы бөлінсе де, жетістіктің, нәтиженің жоқтығы. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі спорт саласында не өзгереді? Үкімет қандай шаралар қабылдамақ? деген сауалдарға жауап іздеп көрді.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы спорт саласындағы былықтарды айтып, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған еді. Премьер-министр депутат жолдаған сауалға жауап беріп, спортты дамыту саласында қандай шаралар қолға алынып отырғанын айтты.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының сауалында мынадай деректер айтылған еді.
- Спорт министрлігі Жоғары жетістіктер спортына бюджеттен 775 миллион доллар бөлген;
- Спорт министрлігі 180 спорт түріне қаржы бөледі, оның тек 50 түрі ғана Олимпиада бағдарламасына кірген;
- Спорт министрлігі ақша беретін 180 спорт түрінің ішінде пенчак силат, спорттық балық аулау, биатл, триатл, петанк, текбол, унифайт, черлидинг секілді спорт түрлері бар;
- Спорт министрлігі Ұлттық спортты дамытуға бір жылға небәрі 10 миллион 460 мың теңге бөлген;
- Спорт министрлігінің бюджетінде «жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа, фермерлік қожалықтарды субсидиялауға 54 миллиард теңге қарастырылған.
Үкімет басшысы депутаттың сауалына берген жауабында 54 млрд теңгенің қожалықтарға бөлінгенін жоққа шығарды.
Спорт түрлерін дамытуға қанша қаржы бөлінді?
Туризм және спорт министрлігінің 2024-2026 жылдарға бөлінген бюджеті 304,6 млрд теңге, оның ішінде жоғары жетістіктер спортын дамытуға 266 млрд теңге және ұлттық спорт түрлерін дамытуға 10,4 млрд теңге бөлінді, - деді Әлихан Смайылов.
180 спорт түрі қысқартылады
Сонымен қатар Смайылов еліміздегі 180 спорт түрін қысқартуға қатысты ойын айтты.
Премьер-министрдің жауабында мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының жұмсалуын реттеу мақсатында министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін алып тастау туралы» заң жобасын әзірленгені айтылған.
Заң жобасы аясында спорт түрлерінің басымдығы көзделген. Осыған байланысты уәкілетті орган тек олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық бере отырып, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын спорт түрлерін кезең-кезеңімен қысқартады. Тізімге енгізілмеген спорт түрлері бәсекелес ортада дамиды, - дейді Смайылов.
Қазақстанға легионерлер керек пе?
Премьер-министр Әлихан Смайылов кәсіпқой спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеуге және легионерлерге бюджет есебінен төлеуді тоқтатуға қатысты да ақпарат айтты.
Сөзінше, легионерлерді шақыруға жұмсалатын бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында министрлік спорт түрлері бойынша аккредиттелген республикалық федерациялармен бірге олардың санын азайту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өткен жылдармен салыстырғанда елдегі легионерлер саны 15%-ға азайды. Футбол мен хоккей үшін кәсіпқой спорт ойындары клубтарын ұстауға мемлекеттік бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан бөлінетін қаржының лимиттері 1,2 млрд теңгеден аспайтын, қалған ойын спорт түрлері бойынша 450 млн теңгеден аспайтын сомада белгіленді. Кәсіпқой клубтар белгіленген шектен аспауы керек, - деп атап өтті ол.
Смайыловтың сөзінше, федерациялар жүргізген жұмыс нәтижесінде легионерлер санын 4 ойыншыдан 2 ойыншыға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды.
Заң жобасына сәйкес бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға қайтадан қаражат бөлу мақсатында кәсіпқой спорт клубтарын ұстауға лимит бекітіледі.
Спортты дамытумен кім айналысады?
Қазіргі уақытта заң жобасында республикалық және өңірлік аккредиттелген спорт федерациясының мәртебесін ұлттық спорт федерациясына өзгерту көзделген.
Өңірлік спорт федерациялардың еліміздің бүкіл аумағында бірдей мүшелері немесе филиалдары болмауына байланысты заң жобасында осы федерацияларды аккредиттеу алып тастау ұсынылады.
Осыған байланысты спорт түрлерін дамытумен ұлттық спорт федерациялары, кәсіпқой спорт федерациялары және жергілікті спорт федерациялары айналысады.
Сондай-ақ спорт түрлерін тану бойынша аккредитация алу бөлігінде жергілікті және кәсіпқой спорт федерациялары үшін талаптар ұлттық спорт федерациясымен келісім бойынша айқындалады. Заң жобасына өзгерістер енгізілгеннен кейін барлық аккредиттелген спорт федерациясы қайта аккредиттеу рәсімінен өтуге тиіс, - делінген Әлихан Смайыловтың ресми жауабында.
Ол спортты дамытуға бағытталған шараларды күшейту жұмыстары жалғасып жатқанын және ол Үкіметтің бақылауында екенін қоса кетті.