Ләззат Ибрагимова баспана бағасы келешекте қалай өзгеретінін айтты
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Baigenews.kz агенттігінің «20:21» жобасында елдегі жылжымайтын мүлік бағасына қатысты ойын айтты.
Оның айтуынша, қазір дүние жүзі бойынша жылжымайтын мүлік бағасы қымбаттап жатыр. Пандемия жағдайында ел экономикасына құйылған қомақты қаражат та бағаның өсуіне өз әсерін тигізген.
Мен әлемдегі жағдайды бақылап отырамын. Қазір барлық жерде жылжымайтын мүліктің бағасы қымбаттап жатыр. Тіптен, Германия, Канада, АҚШ сияқты елдердің өзінде жылжымайтын мүлік бағасы 9-12% аралығында көтерілген. Пандемия жағдайында экономикаға құйылған қомақты қаржының бәрі жылжымайтын мүлік бағасына әсер етіп отыр. Қазақстандағы жағдайға келер болсақ, бізде демографиялық өсім байқалады. Жылына 425 мыңдай бала өмірге келіп, жыл сайын рекорд орнатып жатырмыз. Мұның барлығы алдағы жеті жылда еліміздегі жылжымайтын мүлік нарығына қатты әсер етеді,-деді ол.
Оның пайымдауынша, халық санының өсуі әсіресе тұрғын үй құрылысымен айналысатын компаниялар үшін пайдалы, яғни жаңа үйлерді көптеп салуға оңтайлы кезең.
Халық санының өсуімен жаңа тұрғын үйлерді көптеп салған жөн. Ал, екінші деңгейлі баспана үшін бағдарламаларды шектеген жөн. Өйткені олар бағаны негізсіз шарықтатып жатыр. Осы жылдың бірінші жартысында зейнетақы жинағын үй алуға пайдалану іске қосылғалы жылжымайтын мүлікке сұраныс күрт артты. Жылдың екінші жартысында жағдай біраз тұрақталу керек,-деді Л. Ибрагимова.