Ләйлә Сұлтанқызы атышулы әуекомпанияның үстінен арыз жазды

Танымал тележүргізуші, журналист Ләйлә Сұлтанқызы соңғы кезде басы дауға қалып жүрген Fly Arystan әуекомпаниясының үстінен арыз жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тележүргізушінің сөзінше, ол кеше Шымкенттен Астанаға ұшып келген. Ұшақтан түсуге әрекеттенген кезінде лайнердің есігі ашылмай жатып тұрып кеткен қасындағы жолаушының багажы Ләйлә Сұлтанқызының басына құлап, қабағын жарып кеткен. Енді ол әуекомпанияны қауіпсіздік шараларын сақтамады деп айыптап отыр.

Мен @flyarystan үстінен арыз жаздым! Бүгін кешкі 21:50 шамасында KC7326 рейсімен Шымкенттен Астанаға ұшып келдім. Ұшақтың есігі ашылмай, тұрып кеткен жанымдағы жолаушының абайсыздығынан бетіме үстіңгі сөреде тұрған ауыр (қатты) зат, отырған маған құлап, КӨЗІМНІҢ ТҰСЫН ЖЫРЫП, ҚАБАҒЫМ ЖАРЫЛДЫ. Бұл @flyarystan әуекомпаниясы қауіпсіздік шарасын сақтамағандықтан орын алған жағдай, - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Сонымен қатар Ләйлә Сұлтанқызы компанияның бортсеріктері жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын емес екенін айтып, наразылығын білдірді. Айтуынша, әр бортсерік жолаушы мініп-түскенше адам денсаулығына жауапты.

Бортсеріктер мен әуекомпанияның алғашқы көмекке дайын емес болғанына қапа болдым! Не аптечка, не мұз, не суық зат, не қан тоқтатын, не салфетка жоқ.  Меніңше, орнымда бала, қарт адам отырып, басы жарылса, қатты жараланса, миы шайқалса, көп қан кетсе жағдай қиын болар еді. Жауапсыздық! Әр бортсерік жолаушы мініп-түскенше адам денсаулығына жауапты, алғашқы көмек көрсетуге міндетті, - деп түйіндеді тележүргізуші.

Еске салсақ, өткен айда Fly Arystan компаниясының жауапсыздығы салдарынан 12 жастағы Зере Галиева Астанадан Орал қаласына ұшып кете алмай, жалғыз өзі Астана әуежайында қалып қойған еді. Кейіннен компания кішкентай жолаушыдан  ресми түрде кешірім сұраған болатын. Бұдан бөлек әуекомпания басшысы Ричард Леджер Зере Галиеваның анасымен кездесу үшін арнайы Орал қаласына ұшып барды. Бұл қазақстандықтардың көпшілікке жария болған шағымдарының бірі ғана. Әлеуметтік желілерде осы компанияға шағымданатындардың қарасы көбейген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: instagram.com/sultankyzy
Өзгелердің жаңалығы