10 Қыркүйек 2026, 10:47 Фото: Құрылтай

Лайк пен донат үшін жанжал: Депутат треш-стримдерге жазаны күшейтуді ұсынды

Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желілердегі треш-стримдерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Ол осы мәселе бойынша Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бүгінде TikTok, Instagram және өзге де әлеуметтік желілер қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Сонымен бірге тікелей эфир көретін аудитория да артып келеді.

Бұл – цифрлық дамудың бір көрінісі. Бірақ оның көлеңкелі тұсы да бар. Тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию және қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп барады. Кейбір стримерлер мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады. Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр, – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Оның сөзінше, бұл мәселені «Әділет» партиясының өкілдерімен өткен сайлауалды кездесулерде тұрғындар да жиі көтерген.

Депутат Ішкі істер министрлігі құқыққа қайшы контент таратқан бірқатар әлеуметтік желі қолданушысын әкімшілік жауапкершілікке тартқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл цифрлық кеңістікте мұндай мәселенің бар екенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның ортақ құндылығына айналдыру қажеттігін бірнеше рет айтты. Ендеше заң мен тәртіп талабы цифрлық кеңістікте де бірдей қатаң әрі нақты орындалуға тиіс, – деді депутат.

Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлердің барған сайын коммерциялық сипат алып келе жатқанына назар аударды. Кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырып, адамдарды мазақ етеді немесе қорлайды. Мұндай контентті бір мезетте түрлі жастағы, оның ішінде кәмелетке толмаған мыңдаған адам көруі мүмкін.

Депутат мысал ретінде Қытайда пранк ұйымдастырып, жауапкершілікке тартылған Қазақстан азаматының әрекетін келтірді.

Ол көпшіліктің назарын аудармақ болып, еліміздің абыройына нұқсан келтірді. Біздің қоғамда үйреншікті құбылысқа айнала бастаған мұндай әрекеттер өзге елдерде мәдениетсіздік әрі заң бұзушылық ретінде бағаланып, қатаң айыпталады, – деді ол.

Амантайұлы шетелдік тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы цифрлық жарнаманың ашық болуын және жарнамалық контенттің тиісті түрде белгіленуін талап етеді. Ал Еуропалық Одақтың Цифрлық қызметтер туралы актісі платформалардың заңсыз контентке қатысты жауапкершілігін күшейтіп, пайдаланушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін қарастырады.

Осыған байланысты депутат Үкіметке:

– «треш-стриминг» ұғымын заңнамада нақты айқындап, тікелей эфирде зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатуды насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді;

– TikTok, Instagram, YouTube және басқа платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтау мен бұғаттаудың, сондай-ақ олардың авторларын сәйкестендірудің тиімді тетігін әзірлеуді;

– азаматтарды келісімінсіз эфирге шығару, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды күшейтуді;

– әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізетін бірыңғай мемлекеттік жүйе құрып, оның нәтижелері туралы қоғамға ашық ақпарат беруді ұсынды.