Лай көше мен еріген қар суы: Астана маңындағы ауылдың бүгінгі көрінісі
Елордадан 20 шақырым жерде орналасқан Қояндыда қар еріп жатыр.
Қоянды - Астана маңындағы ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердің бірі. Елордаға жақын орналасқан ауылда соңғы жылдары тұрғындар саны артып, жаңа тұрғын үйлер көптеп салынған.
Алайда көктем мезгілі келген сайын Қояндыда еріген қар суын бұру және су басу қаупінің алдын алу мәселесі өзекті тақырыптардың біріне айналады. BAQ.KZ редакциясы елордадан 20 шақырым жерде орналасқан ауылдың қазіргі жай-күйін көріп, фоторепортаж жасап қайтты.
Астана маңындағы Қоянды ауылында көктемнің келгені анық сезіледі. Соңғы күндері күн жылып, қыстан қалған қалың қар біртіндеп еріп жатыр. Соның әсерінен ауыл ішіндегі көшелер мен жол жиегінде еріген су жиналып, кей тұстар лайсаң тарта бастаған. Алайда бұл көрініс ауыл тіршілігін тоқтатқан жоқ. Қояндыдағы өмір әдеттегі ырғағымен жалғасып тұр.
Таңертең ауыл көшелерінде қозғалыс әдеттегідей. Бір жерде мектепке асыққан оқушылар көрінсе, енді бір жерде ата-аналар балаларын көлікпен апарып тастап жатыр.
Бірі сөмкесін арқалап, жол жиегімен жаяу кетіп барады, енді бірі лайсаң мен еріген судан айналып өтіп, сабаққа асығып барады. Көктемгі жылымық пен еріген қар суына қарамастан, ауылдағы күнделікті тіршілік тоқтамаған.
Ауыл ішіндегі қазіргі көрініс көктемнің әдеттегі тіршілігін еске салады. Жердің беті жібіп, кей жерлерде қар әлі толық еріп үлгермеген. Ал еріген су көшенің кей бөліктерінде жиналып, арнайы қазылған арықтар арқылы ауыл сыртына қарай бағытталып жатыр. Бұл – көктемгі су жиналуын азайтуға және елді мекен ішіне жайылып кетпеуіне бағытталған алдын алу шараларының бірі.
Біз Қояндыға барған сәтте дәл осындай жұмыстардың жүріп жатқанын көрдік. Ауыл аумағында жиналған суды бұру үшін арнайы техника жұмыс істеп жатты. Онда Көкшетау қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп жүр екен. Құтқарушылардың айтуынша, олар бұл аумақта 26 наурыздан бері су бұру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Олардың негізгі міндеті - еріген қар суын арнайы техникамен тартып, оны арықтарға бағыттап, ауыл сыртына шығару. Бұл жұмыстар су жиналуы мүмкін тұстарды бақылауда ұстап, оның аулалар мен тұрғын үйлерге қарай жайылмауына бағытталған.
Бізге сол жерде 2 техника мен 4 құтқарушы кездесті. Арнайы көліктер жиналған суды сорып, оны қауіп болуы мүмкін аумақтардан сыртқа қарай бұрып жатты. Құтқарушылар бір нүктеде ғана емес, су жиналуы ықтимал тұстарды бақылап, қажет жерлерде техниканың қозғалысын реттеп жүр. Кей учаскелерде су еркін ағуы үшін арықтардың бағыты ашылып, су жолы тазартылған.
Сырт көзге бұл қарапайым көктемгі көрініс сияқты көрінгенімен, мұндай жұмыстар ауыл үшін аса маңызды. Өйткені күн күрт жылыған кезде қар тез еріп, су қысқа уақытта жиналып қалуы мүмкін. Ал мұндай сәтте еріген суды дер кезінде бұрып жіберу - су басу қаупінің алдын алатын негізгі шаралардың бірі.
Ауыл ішіндегі ахуалды тұрғындардың өзінен де сұрап білдік. Біз тілдескен Қоянды тұрғындарының бірі қазіргі жағдайға қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, үйінің маңын су баспаған, ауласы да аман.
Қояндыдағы бүгінгі көрініс - көктемнің ауылға толық келгенін көрсетеді. Бір жағында күн жылып, қар еріп жатыр. Екінші жағында сол еріген суды дер кезінде бұру үшін арнайы қызмет өкілдері жұмыс істеп жүр. Ал ауылдың өз тіршілігі тоқтаған жоқ: балалар мектепке барады, көліктер қатынайды, тұрғындар күнделікті жұмысымен жүр.
Қояндыдағы көктемнің бүгінгі тынысы - дәл осы.