23 Тамыз 2026, 15:53 Фото: https://t.me/aimagambetov

«Лауазым мен атақ есіктің сыртында қалады»: Асхат Аймағамбетов отбасымен бірге дауыс берді

Асхат Аймағамбетов отбасымен бірге Құрылтай сайлауына қатысты.

Асхат Аймағамбетов отбасымен бірге Құрылтайда дауыс берді. 

«Балам бюллетеньдегі бір сөзге ұзақ қарап тұрды. «Не оқып тұрсың?» - деп сұрадым. «Осы сөзді көп естідім. Бюллетеньде де жазылып тұр екен», - деді. Ол сөз - «Құрылтай». Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл атау сайлау бюллетеніне алғаш рет енді. Сондықтан бүгінгі күннің мәні бөлек. Көп жылдан бері оқушыларым мен студенттеріме: «Азамат - өз құқығын біліп қана қоймай, оны пайдаланатын адам», - деп айтып келемін. Бүгін сайлау учаскесінде осы ойдың мәнін тағы бір рет сезіндім», - дейді Аймағамбетов. 

Оның айтуынша, дауыс берерде лауазым мен атақ есіктің сыртында қалады.

«Сайлаушылар тізімінде бәріміздің мәртебеміз бір - азамат. Министрдің де, мұғалімнің де, профессордың да, студенттің де бір ғана дауысы бар. Мұнда лауазым мен атақ есіктің сыртында қалады. Әдеттегідей, жұбайым екеуміз балаларымызды сайлау учаскесіне бірге алып бардық. Өйткені азаматтық мәдениет дәріс пен оқулықтан ғана қалыптаспайды. Ол отбасындағы өнегеден басталады», - деді ол. 

Бүгін, 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады.