Полицейлер латын графикасында әзірленген клавиатураларға апробация жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының полиция қызметкерлері қазақ тілін латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшіру жұмыстары аясында Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған латын графикасында әзірленген клавиатураларға апробация жасады.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа клавиатураларды жұмыс барысында пайдалану тиімділігі мен ыңғайлылығын анықтауды мақсат еткен сынамаға 50-ге тарта полиция қызметкері үлес қосып, жаңадан әзірлеген сынамалық үлгідегі компьютерлік клавиатураларды алғашқылардың бірі болып пайдаланып көрді. Апробация барысында олар қысқаша мәтіндерді жаңа әліпбимен теріп көру мүмкіндігіне ие болды. Апробация нәтижесінде қатысушылар өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын жазбаша түрде білдіріп, клавиатуралардың қолайлылығына қатысты ойларымен бөлісті.

Жергілікті полиция инспекторы А.Марзакенованың айтуынша, жаңа клавиатураның негізгі айырмашылығы, қазақ әліпбиінің ағылшын әріптерінің орнына қойылғандығында. 

«Компьютерге мәтін тергенде, ағылшын әріптері жоғарғы жағында, қазақ-орыс орыс тілдеріндегі әріптер төменгі жағында, яғни ағылшын әріптерінің астына орналасқандығына әбден үйренгенбіз. Жаңа клавиатурада, керісінше, қазақ әріптері жоғарғы жағында, яғни ағылшын әріптерінің орнында орналасқан. Сондықтан, көз үйренбегесін, әрине, бұл клавиатурамен мәтінді ұзақ уақыт теруге тура келді, бірақ тез үйреніп кетеміз деп ойлаймын», - деп пікір білдірді А.Марзакенова.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы