Латын графикасын пайдалану бойынша арнайы жобалар таныстырылды
Астана. BAQ.KZ тілшісі. Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде «Жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі» атты IT-тұсаукесер өтті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш жобаларды таныстырды.
«Биыл Елбасының Жарлығымен Жастар жылы жарияланғанын білесіздер. Осы орайда қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудегі күрделі әрі жауапты жұмыстарды жастардың ақпараттық технологияларды тезірек меңгеруіне байланысты іске асырудамыз. Бұл ретте іргелі жобалар көпшілік назарына ұсынылып отыр. Qazlatyn жобасында көпфунционалды конвертер жасақталды. Ол кәсіби деңгейдегі конвертер екенін атап өткен жөн. Осы арқылы кириллицадан латын қарпіне аудару, сонымен бірге төте жазу бойынша барлық мүмкіндіктер бар», - деді Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев.
Тұсаукесер аясында таныстырылған жобаның бірі кирилл таңбадағы мәтін мен құжатты латнизациялайтын ҚазЛатын сәйкестіру платформасы.
"Латын графикасына көшіруге арналған конвертор бағдарламасы мен мәтінді қайта кодтауға арналған IT-қосымшасы Qazlatyn.kz сайтын, Windows ОЖ-ге арналған бағдарламаны, iOS және Android жүйелеріне арналған қосымшаларды, GitHub веб-сервистік порталына арналған қосымша плагиндер жиынын, Microsoft Office пакетіне (Word, Excel, Power Point) арналған қосымшаны, Chrome браузеріне арналған конвертердің плагинін, CMS плагиндері, Деректер базасына арналған конвертерді қамтиды. Жобаны дайындаған «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы. Тапсырысты орындаушы “Attila Group” компаниясы. Біз SOZDIKQOR.KZ жобасы арқылы қазақшадан латын графикасына, латын графикасынан крилицаға аударатын конвертерге 300 мыңға жуық сөзді еңгіздік" - дейді iCoder компаниясы директоры Рымбек Ізғали.
Президент 2017 жылы сәуірде жариялаған "Рухани жаңғыру" мақаласында құрдымға кете жаздаған қазақ тілі мен мәдениетін мәңгілікке қалдыруға қызмет қылу қажеттігін айтқан.
Қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қалыптастыру мақсатында белгілеген таяу жылдардағы міндеттер арасында қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмысы бар.
Қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне қарай бейімделуде латын әлібиінің логикасы терең. Сондықтан да болар, соңғы екі жылда көп талқыланған тақырыптардың бірі латынға көшу, дұрысы, оралу болды. 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылған қазақ тілінің таңбасы саяси себептерден өзгеріске түсті. Латын графикасына көшу тәуелсіздік ала сала әуел баста мақсат етілген жоспар. Оған мемлекетіміз кезең-кезеңмен жақындап отырды.
"Президент латын графикасына көшу қажеттілігін ең алғаш рет 2006 жылы айтқан болатын. Ол Қазақстандағы этносаралық бірлік институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында айтылды. Арада көп ұзамай президент Назарбаев 2012 жылғы өзінің жолдауында латын қарпіне көшу тақырыбын өрбітіп, оны 2025 жылы аяқтайтындай етіп қойды. Және сол «Жолдау-2012» кезінде мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясын құрды. Бұл - ұзақ мерзімге арналған мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттары бекітілген құжат. Қазіргі латын әліпбиі — 2017 жылдың 11 қыркүйегінде латын таңбасындағы пилотты қазақ әліпбиін парламент алғаш рет қарады. 2017 жылы қазақ тілінің жаңа латын әліпбиі 26 қазанда Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығымен бекітілді. Сол күні бұл алфавит ресми түрде мақұлданды. 2018 жылғы 19 ақпанда осы қаулыға түзетулер енгізілді. Осыдан соң латынға көшу бойынша Үкіметтің жанындағы консультативтік-кеңесші орган Ұлттық комиссия құрылған. 2017-2025 жылдары жаңа әліпбиге көшу жоспарланған. Әліпби 32 әріптен тұрады. 2018 жылдың соңында қазақ тілінің жаңа таңбасы бойынша 106 параграфтан тұратын Қазақ тілі емле ережелері қабылданған" - дейді «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшысы Ербол Тілешов.
Жобалардың танысытырылымында сөз алған ғалым Мырзатай Жолдасбеков осының барлығы сөз жүзінде ғана қалмай, іске асуына тілектес екенін жеткізді.
"Барлығы құтты болсын. Бір кезде Елбасы латын графикасына ауысу туралы "уақыты келеді" деген еді. Бүгін соның уақыты келгенін көзімізбен көріп отырмыз. Барлығы да ұлттың ертеңі үшін жасалып жатыр ғой. Бірақ айтқан айтқан жерде қалмай, аударма деңгейінде қосарланып жүрмей, осы істеген ісіміз берекелі болсын" - деді ол.