Латын Америкасындағы шиеленіс: Геосаяси тепе-теңдікке жаңа қауіп төнді

Мұхиттың арғы жағындағы соңғы оқиғалар Латын Америкасындағы геосаяси тепе-теңдік пен аймақтық қауіпсіздікке қатысты сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды. АҚШ-тың жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, Венесуэла төңірегіндегі шиеленіс және халықаралық ұйымдар аясындағы текетірестер аймақтағы күштер балансының қайта қалыптасып жатқанын аңғартады. Халықаралық қатынастар бойынша сарапшылар бұл үдерістерді жекелеген эпизод емес, ұзақмерзімді геосаяси трендтің көрінісі ретінде бағалап отыр.

Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Таир Нигманов қазіргі ахуалды АҚШ-тың жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясымен тікелей байланыстырады.

Сарапшының айтуынша, жуырда ғана жарияланған бұл құжатта АҚШ-тың әлемдік геосаяси кеңістіктегі өз орны мен рөлі айқын көрсетілген. Құжат жарық көргеніне небәрі бір-екі апта ғана болғанымен, оның мазмұны Вашингтонның нақты әрекеттерімен үндесіп отыр.

Монро доктринасының жаңа оқылымы

Таир Нигмановтың пайымдауынша, жаңа стратегияда XIX ғасырдағы Монро доктринасына қайта оралу немесе оны жаңаша түсіндіру айқын байқалады.

Бұл доктрина кезінде АҚШ Солтүстік және Оңтүстік Американы өз мүдде аймағы деп жариялаған. Яғни, Еуропа бұл өңірге араласпауы керек, ал АҚШ өз кезегінде Еуропаның ішкі істеріне килікпейді деген ұстаным болған, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, жаңа құжатта да осыған ұқсас тезистер бар. АҚШ өзімен көзқарасы сәйкес келетін режимдерді қолдайтынын ашық көрсетіп отыр. Іс жүзінде Латын Америкасы қайтадан АҚШ-тың стратегиялық мүдде аймағы ретінде айқындалып келеді.

Каракасқа қысым – декларация емес, нақты саясат

Сарапшы Вашингтонның қазіргі уақытта Каракасқа қатысты әрекеттері бұл стратегияның жай ғана қағаз жүзіндегі мәлімдеме емес екенін дәлелдейді дейді.

Бұл – АҚШ-тың өз көзқарасына қаншалықты байыппен қарайтынын көрсететін нақты белгі. Сонымен қатар бұл Латын Америкасы елдеріне арналған ашық сигнал: қажет болса, ықпал етудің күштік құралдары да қолданылады, – деп атап өтті Таир Нигманов.

Оның сөзінше, бұл аймақтық қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды мәселе. Себебі Латын Америкасының тарихында АҚШ пен өзге мемлекеттер арасындағы қақтығыстарды күш қолдану арқылы шешу тәжірибесі аз болмаған.

Тарихи сабақтар: Панама мен интервенциялар

Сарапшы Панама каналының тарихын мысалға келтіреді. Оның айтуынша, сол кезеңде АҚШ ықпалының нәтижесінде Панама жеке мемлекет ретінде бөлініп шыққан, кейін канал бірлесіп салынған.

Аренда мерзімі аяқталуға жақындағанда және меншік мәселесі көтерілген кезде АҚШ өз ықпалын сақтау үшін Панамаға әскер енгізді. Бұдан бөлек, Никарагуаға және басқа да елдерге интервенциялар жасалды. Мұның бәрі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі, салыстырмалы түрде жақын тарихта орын алды, – дейді ол.

Сарапшы соңғы жиырма жылды шартты түрде тыныш кезең деуге болатынын, бірақ бұл тұрақтылықтың салыстырмалы ғана екенін ескертеді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі: құқық бар, мүмкіндік шектеулі

Таир Нигманов халықаралық құқық тұрғысынан кез келген мемлекеттің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жүгінуге құқылы екенін айтады. Оның сөзінше, Қауіпсіздік кеңесінің басты ерекшелігі – онда қабылданған резолюциялардың міндетті түрде орындалуы.

Мысалы, 1990-жылдары Ирактың Кувейтке қарсы агрессиясы заңсыз деп танылып, бейбітшілік сақтау контингенті енгізілді. Осы негізде құрылған коалицияның әскери интервенциясы заңды деп есептелді, – дейді сарапшы.

Ал Бас ассамблеяда қабылданатын резолюциялар, оның айтуынша, міндетті сипатқа ие емес. Олар мемлекеттердің белгілі бір мәселеге қатысты ұстанымын білдіретін саяси сигнал ғана.

Вето құқығы және Вашингтон факторы

Сарапшы Қауіпсіздік кеңесінің тиімділігі шектеулі екенін ашық айтады.

Қауіпсіздік кеңесінде бес тұрақты мүше бар, олардың әрқайсысында вето қою құқығы бар. Егер сол тұрақты мүшелердің бірі қарсы дауыс берсе, қалғандарының бәрі қолдаған күннің өзінде резолюция қабылданбайды. АҚШ – сол тұрақты мүшелердің бірі, – дейді Таир Нигманов.

Осы себепті Венесуэланың Қауіпсіздік кеңесіне жүгінуі АҚШ-тың әрекеттерін тікелей тоқтатудан гөрі, халықаралық назар аудартуға бағытталған қадам ретінде бағаланады.

Венесуэланың оқшаулануы және әлсіреген қолдау

Сарапшы Венесуэланың қазіргі жағдайын оның ұзақ уақыт бойы жүргізген ішкі және сыртқы саясатының салдары деп сипаттайды. Қатаң ұлттықтандыру, Батыс елдерімен қарым-қатынастың нашарлауы және санкциялар елді айтарлықтай оқшаулап тастаған.

Николас Мадуро режимі ұзақ уақыт Ресей мен Қытайдың мықты қолдауына сүйенді. Бірақ қазір жағдай өзгерді, – дейді ол.

Ресей Украинадағы соғысқа толық кірісіп, Латын Америкасындағы жағдайды екінші кезекке ысырып отыр. Қытай да Венесуэлаға бағытталған экономикалық қолдауды біртіндеп қысқартып келеді.

Қауіпсіздікке төнген белгісіздік

Осының бәрінің нәтижесінде, сарапшының айтуынша, Николас Мадуро бұрынғыдай нақты әрі ашық қолдауға ие емес. Сондықтан Венесуэла халықаралық қауымдастықтың назарын аудару үшін барлық мүмкін тетікті пайдалануға тырысуда.

Ел іс жүзінде теңіз блокадасында отыр: кемелер ұсталып жатыр, танкерлер тәркіленуде. Осындай жағдайда Венесуэла қай орган болса да соған жүгініп, мәселені әлемдік деңгейге шығаруға тырысып отыр, – дейді Таир Нигманов.

Сарапшы қазіргі эскалация Латын Америкасындағы жағдайдың қайтадан күрделене түсуі мүмкін екенін көрсетеді деп түйіндеді. Бұл аймақта бүгінде ешбір мемлекет өзін толық қауіпсіз сезіне алмайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы