Латын әліпбиі: Атақты филолог емле ережелерін құрастыруда нені ескеру керегін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық жазу-сызудың емле ережелерін жасауда алдымен ескерілетін заңдылықтар мен ерекшеліктер негізге алынды. Бұл туралы филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәли айтты.
Әліпби түзу аса жауапты бастапқы кезең болса, ендігі кезекте негізгі орфографиялық ереже түзу осы кезеңнің қисынды жалғасы болып табылатыны белгілі. Бұл кезең әртүрлі ортологиялық құралдары (емле ережелерінің анықтағыштары, ономастикалық атаулардың анықтағыштары, т.б.) және ортологиялық лексикография түзудің (орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктер құрастырудың) бастамасы болып саналады. Қазақ орфографиясы негізгі ережелері – латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар латын негізді жаңа әліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын жаңа әліпби бойынша дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады. Емле ережелерінің негізінде орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықтағыштар осы ережелерге сәйкес құрастырылмақ. Ұлттық жазу-сызудың емле ережелерін жасауда алдымен ескерілетін заңдылықтар мен ерекшеліктер негізге алынды, - деді профессор.
Олар:
- тілдің жалғамалы (аглютинация) заңдылығы;
- тілдің ықшамдалу заңдылығы;
- тіл дыбыстарының үндестігі (дауыстылардың дауыссыздармен үндестігі) және дауыссыздардың бір-бірімен үйлесімділік заңы.
Осы айтылған заңдылықтар мен ерекшеліктер аясында жазба тілдің жаңа Ережесінің нұсқасы жасалды.
Нұргелді Уәлидің айтуынша, ережеде латын негізді әліпби бойынша қазақ тілі дыбыстарының репрезетанттары болып табылатын әріптердің үндестікпен, үйлестікпен жазылу нормасы көрсетілді. Сонымен қатар:
- сөздерді бірыңғай жуан немесе жіңішке жазу, соған сәйкес қосымшалардың жуан немесе жіңішке жазу үлгісі берілді;
- қосар дыбыстардың (ұу/үу, ый/ій) дара әріппен (у, и әріптерімен) таңбалануының үлгісі ұсынылды; қазақтың төл әдеби тіліндегі емлесі қиын сөздердің орфографиялану ерекшеліктері көрсетілді;
- латын негізді әліпбиде жоқ ё, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ, әріптерінің жазылу баламасы берілді;
- бейүндес буынды кірме сөздерге қосымша жалғаудың орфографиялану тәртібі көрсетілді;
- халықаралық терминдер мен атаулардың (шетел тілдік сөздердің) орфографиялану үлгісі берілді;
- күрделі сөздердің (біріккен, кіріккен, тіркесті сөздер, қос сөздер) және бас әріппен жазылатын атаулардың емлесі, сондай-ақ тасымалдаудың тәртіптері көрсетілді.
Ал жаңа ереже жобасында қазақ орфографиясының негізгі ережелерінің ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сәйкес болуы; тәжірибеде сыннан өтіп, дәстүрге айналған базалық нормалардың сақталуы; техникалық жақтан қазақ орфографиясының қолдануға оңтайлы, мобильді, жинақы болуы; халық тілінің дыбыстық қор әлеуетінің кеңірек қамтыла түсуі; жаһандану үрдісінде жазу-сызудың ұлттық сипатының сақталып, космополиттік әсірелікке ұшырамауы көзделіп, орфографиялық ережелер түзудің басшылыққа алынған негізгі ұстанымдары болды, - деп атап өтті ол.