Ластаған адам өзі өтейді: Сенат су сапасына қатысты хаттаманы қабылдады
Сенат трансшекаралық өзен-көлдерді қорғау және тиімді пайдалану жөніндегі 1992 жылғы Конвенцияға кіретін Су және денсаулық мәселелеріне арналған хаттаманы ратификациялауды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл құжаттың негізгі мақсаты – су сапасы мен халық денсаулығына байланысты нақты әрі өлшенетін индикаторлар жүйесін қалыптастыру. Қазақстан енді осы көрсеткіштерді толық белгілеп, олардың орындалуын жүйелі түрде қадағалап, нәтижесін қоғамға ашық жариялап отыруға міндеттеледі.
Хаттама су қорларын қорғауда ортақ стандарттарды енгізеді. Ол санитариялық талаптарды арттыруды, ауыз су сапасын жақсартуды, сондай-ақ қоршаған ортадағы ластануды азайтуды көздейді. Бұл құжат – тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен бірге санитариялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық және тұрақты даму салаларындағы маңызды халықаралық тетік. Қазақстан үшін бұл Хаттаманы ратификациялау бірнеше нақты артықшылық береді, - деп атап өтті сенатор Сәкен Арубаев.
Сонымен бірге құжатта "ластаған адам өзі өтейді" деген ұстаным нақты бекітіледі. Яғни қоршаған ортаны бүлдірген тарап залалды болдырмау мен жоюға қатысты қаржылық жауапкершілікті өз мойнына алады.