"Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр". СІМ Әнел Бермағанбетоваға қатысты пікір білдірді
Лаостағы Әнел Бермағанбетованың жағдайына қатысты Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл 19 тамызда біздің отандасымыз консулмен байланысқа шығып, өзінің жағдайы туралы хабарлады. Қазақстан Республикасының Ханойдағы елшілігі Лаостың Сыртқы істер министрлігіне азаматымызды құтқаруға барынша көмек көрсету туралы тиісті нота жолдады. Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр, ертең Лаостың СІМ және ІІМ өкілдерімен тиісті келіссөздер өтеді, - делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кететін жайт, отандасымыздың қауіпсіздігіне ештеңе қауіп төндірмейді, ол дипломаттармен және өз туыстарымен үнемі байланыста. Оның ақпараты бойынша, құжаттары мен телефонын алып қоймаған, телефон мен интернет байланысын шектемеген, сондай-ақ күш қолданбаған.
Таиландқа және одан әрі маршрут бойынша ол өз еркімен келді. Сондай-ақ оның айтуынша, егер жұмыс берушілер оның ұшуына, тұруына және басқа да шығындарына жұмсаған қаржысын өтесе, оны жіберуге дайын.
Бұл мәселе біздің Вьетнамдағы елшілігіміздің ерекше бақылауында. СІМ және Вьетнамдағы ҚР елшілігі отандасымыздың елге оралуына қажетті көмек көрсетеді. Қазақстан СІМ азаматтарынан шетелде жұмыс істеу үшін құжаттар мен келісімшарттарға қол қоюға және шетелге шыққанға дейін оларды мұқият зерделеуді, сондай-ақ күтпеген жағдайлардың туындауын болдырмау үшін жұмыс берушілерді тексеруді сұрайды, - деді ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық актрисаны Лаоста еңбек құлдығында ұстап отырғаны туралы хабарлаған болатынбыз.