Ақтөбеліктер лаңкестік шабуылда қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ақтөбедегі 66/55 әскери бөлімінде 2016 жылдың 5 маусымында лаңкестік шабуылда қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу рәсімі өтті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.


Қайғылы оқиғаны еске алу шарасына облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысты. Сонымен қатар, жиында құқық қорғау және қауіпсіздік орган басшылары болды. 

Аймақ басшысы лаңкестік шабуылдан қаза тапқан жандардың құрметіне гүл шоқтарын қойып, есімдері мәңгі ел есінде қалатынын жеткізді. 


«Бейбіт күні қылмыскерлердің қолынан полиция, әскери қызметкерлермен бірге тұрғындар да қаза тапты. Қылмыскерлердің арамза ойларын орындауға құқық қорғау органдарының жедел шаралары мүмкіндік берген жоқ. Халықтың тыныштығын қорғау жолында 66/55 әскери бөлімінің сарбаздары Майор Даниель Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы жауынгер Досбол Сапардың қазалары орны толмас өкініш. Аталған азаматтардың жанкештілікпен жасаған әрекеттері лайықты бағасын алып, тәуелсіз Қазақстанның ерліктер жылнамасында жазылып қалды», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.


Сондай-ақ, ол бұл оқиға барлығымыз үшін үлкен сабақ болып, қоғамға енген дертпен тек мемлекеттік органдар ғана емес, жалпы қоғам болып күресуіміз қажет екенін атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 2016 жылдың 5 маусымы күні Ақтөбеде болған терактіде қаза болған әскерилерді еске алды. Бұл туралы министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы