«Landscape Garden». Елордада ашылған құзыреттілік орталығы туралы не білеміз
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Жас маман» жобасы аясында «Сервис және туризм» колледжінің негізінде техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту мақсатында «Landscape Garden» құзыреттілік орталығы ашылды.
Өздеріңізге мәлім, ел Президенті кәсіптік және техникалық білім беруді дамытуды тапсырған болатын. «Landscape Garden» құзыреттілік орталығының ашылуы «Жас маман» - техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Жас маман» жобасының мақсаты – колледждердің материалдық базасын жаңарту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу.
Қазіргі таңда елдің бәсекеге қабілеттілігі сапалы білім жүйесімен, сонымен қатар азаматтарының білім-білік деңгейімен анықталады. Бүгінде еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беделін, тартымдылығын көтеру – басты назарда. Сондықтан білім беру саласы заман талабына сәйкес дамуы тиіс. Осы және басқа көкейтесті мәселелер аталған шараның өзегіне айналды, - дедіколледж директоры Салтанат Басығараева.
Мекеме басшысы іс-шара барысында нақты өндірістік үдеріске барынша жақындатылған, заманауи, инновациялық құралдармен жабдықталған «3D», «Жабдықтар», «Флористика», «Ландшафтық дизайн» зертханаларының, «Компьютерлік технологиялар» сыныбының жұмыс барысымен таныстыра отырып, атаулы құзіреттілік орталығы еліміздің әлеуетін арттыратын сапалы кадрлар даярлауда үлкен рөл атқаратыны туралы айтты.
Білім және ғылым министрлігінің Техникалық, кәсіптік орта білім мен кейінгі білім беру бөлімінің өкілі Қаламқас Алғазиева колледж ұжымы мен студенттерін құзыреттілік орталығының ашылуымен құттықтады.
Оның сөзінше, соңғы жылдары мемлекет техникалық және кәсіби білім беруге ерекше көңіл бөліп келеді. 2020-2021 жылдары «Жас маман» жобасы аясында 180 колледж 50 млрд теңгеден аса сомаға жабдықталды. Соның бірі - «Сервис және туризм» колледжі.
Әрине, колледж ұжымы «Жас маман» жобасына қатысуға мүмкіндік алуы үшін біраз күш жұмсады. Қазір өздеріңіз атқарылған еңбектің арқасында құзыреттілік орталығының ашылуына куә болып отырсыздар. Бір жағынан бұл орталық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жоба аясында алынған материалдық-техникалық базаны тиімді пайдалана білу қажет. Құзыреттілік орталығы тек елорда үшін ғана емес, сонымен қатар барлық өңірдің орталығы болуы керек. Өйткені флористика бағыты – шағын бизнестің бір бөлігі. Сол себепті осы орталық флористика мамандарын дайындайтын бірден-бір жоба болары сөзсіз, - деп айтты БҒМ өкілі.
Одан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазиева елордада осыған дейін 12 құзыреттілік орталығы ашылғанын атап өтті.
Елордада 34 коллледж, оның ішінде 8 мемлекеттік және 25 жекеменшік колледж бар. Бұл колледждерде 28 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Сондай-ақ 13 мыңнан астам оқушы гратта оқиды. Бұл – үлкен жетістік. 2025 жылға дейін 9-сыныпты бітіріп, жұмысшы мамандығын алатын студенттер тегін оқиды. 8 мемлекеттік колледже бүгінгі орталыққа ұқсас 12 құзыреттілік орталық ашылды, - деп түсіндірді Римма Иманғазиева.
Салтанатты іс-шара кезінде орталықтың жұмысымен таныстық. Жаңадан ашылған флористика кабинетінде оқытушылар мен студенттер шеберлік сабақтарын жүргізді.
Абжан Ертас - Орман шаруашылығы, бақ саябағы және ландшафтық құрылыс мамандығының 3 курс студенті. Ол флористика саласы өзіне жақын екенін айтты.
Бұл салаға өз қызығушылығыммен келдім. Осы бағытта өзімді сынап, дамытқым келді. Біз өсімдіктерді, гүлдерді қалай күту керегін, қалай орналастыруды үйренеміз. Бұл мамандыққа келгендер 3 жыл 6 ай білім алады, - дейді колледж студенті.
Сонымен қатар бұл кабинетте студенттер ландшафтық дизайнмен айналысады.
Одан бөлек, колледжге «Жас маман» жобасы аясында 3D принтер сатып алынған.
3D принтер – бұл объектілердің көлемді макетін жасауға мүмкіндік беретін құрылғы.
Бұл құрылғымен мастерлер студенттермен жұмыс жүргізуді бастады. Аппарат арқылы түрлі фигураларды шығарамыз. Бұл ландшафтық дизайнға қолайлы құрылғы. Биыл «Балалар жылы» аясында жазғы лагерь ашылады. Лагерьде сыртқа шахмат тақтасын орнатамыз. Оған арнайы фигураларды осы принтер арқылы шығарамыз, - деп түсіндірді колледж директоры Салтанат Басығараева.
Әлеуметтік серіктес «Оазис Астана» флористикалық шеберханасының директоры И. Даренская студенттермен бірлесе отырып «Композиция құру» шеберлік сыныбын өткізіп, түрлі көзтартарлық гүлшоқтар жасалды.