Ұлан-Батырда Абай және әл-Фараби кеші өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елшілік Абайдың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай шығармашылық кеш ұйымдастырды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде Моңғолия Үкіметі жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі атқарушы агенттігінің басшылығы, «Абайдың қара сөздері» кітабының моңғол тіліндегі аудармасының авторы, Мәдениет, Сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктерінің, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қазақ диаспорасының танымал қайраткерлері қатысты.

Іс-шарада сөз сөйлеген елші Жалғас Әділбаев бұл екі ойшылдың ең үлкен жетістіктері олардың еңбектерінің қоғамды дамыту тұжырымдамалары жалпы адамзаттық құндылыққа, ағартушылық пен адамгершілік идеяларына негізделгенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасыр» атты мақаласында ұлы ақын мен философтың біздің халқымыздың одан әрі рухани дамуы үшін қажетті мұраларына ерекше назар аударуымыз керек деп жазды.

Абай Құнанбайұлы мен әл-Фараби – көшпенді халықтың, яғни қазақ халқы мәдениетінің көрінісі. Осы екі ұлы ойшылдың арасында мыңжылдықтар жатса да, олардың дүниетанымы бір және шығармалары бір мезгілде жазылған сияқты, - деді өз сөзінде Моңғолия Үкіметі жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі агенттіктің басшысы Цэнд-Аюуш Нацагдолгор.
Іс-шара аясында моңғол тіліндегі «Абайдың қара сөздері» (Сургаалууд) кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың авторы, дипломат, профессор, тарихшы, жазушы және аудармашы Сұлтан Тәукейұлы Абай мұрасы – қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған және барлық даналықты бойына сіңірген рухани байлық екенін баса айтты. 

Кеш соңында қазақ диаспорасының жастары Абайдың шығармаларын орындады, сонымен қатар қонақтарға ұлы ойшылдар Абай мен әл-Фарабидің өмірі мен еңбектері туралы деректі фильмдерді көру ұсынылды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы