Лагерьдегі оқушы өлімі: Министр түсініктеме берді

Щучинскідегі дарынды балаларға арналған «Балдәурен» лагерінде 14 жастағы оқушы қайтыс болды. Осыған қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Щучинскіде болған жағдай ауыр. Бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отырғаны белгілі. Бірінші кезекте Нұрдәулет баламыздың қайтыс болуына орай ата-анасына көңіл айтамын. Бұл мәселе бойынша министрліктің комиссиясы құрылды. Барлық мәселе әділетті түрде қатаң тексеріледі. Бұл менің жіті бақылауымда. Комиссияның тексеру қорытындысы бойынша лагерьдің басшысына қатаң жаза қолданылады, - деді министр.

Қалған мәселелер бойынша құқық қорғау органдары қосымша тексерулер жүргізіп жатыр.

Барлық мәселе толық белгілі болғаннан кейін нақты шешімді жариялаймыз, - деп толықтырды Ғани Бейсембаев.

Кеше бұл жағдайға қатысты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова түсініктеме берген болатын.

«Балдәурен» сауықтыру орталығының және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан лагерьге барды. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сараптама баланың қатерлі ісікпен ауырғанын көрсетті, оның салдары ішкі қан кетуді тудырған. Құрылған комиссия жұмысын жалғастырып жатыр, - деді түсіндірді Насымжан Оспанова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы