Әл-Фарабиге қызыл империяның көзімен қарауды доғару керек – Жалғас Садуахасұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әл-Фарабиді жалаң материалист етіп үйрететін қызыл империализмнің саясатымен жазылған кітаптарды қойып, ғалымның өзі жазған нұқсадағы кітаптардан тікелей сусындау – заман талабына айналды.

Бұл туралы философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Жалғас Садуахасұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Ғалымның айтуынша, "фарабитанушымын" деп жүрген кей азаматтар Фарабиді "мұсылман болмаған", тіпті "оны мұсылман ойшылдарының қатарына қоюдың өзі қате" деген ойын білдіруде.

Мұндай азаматтарға әл-Фарабидің жан дүниесіне қатысты кесімді пікір айту үшін ол кісі туралы орыс шығыстанушыларының жазған ескі кітаптарын емес, ғалымның өзі жазған кітаптарын оқуға кеңес берер едім. Егер ол төменде аталған кітаптармен танысар болса, пікірін өзгертуі әбден мүмкін. Өзім 2003 жылдан бастап Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Хамид әл-Ғазали, Ибн Рушд сияқты кейбір мұсылман ойшыл-ғалымдарының трактаттарын қазақ тіліне аударумен, оларға түсініктемелер берумен шұғылданамын. Мәселен, әл-Фарабидің "Әс-Сиясату әл-Мадания" (Азаматтық саясат), "Әл-Джамғ байна роияй әл-Хакимайни" (Қос данышпан (Платон мен Аристотельдің) көзқарастарының бірлігі туралы), "Әл-Илм әл-иләһи" (Теология кітабы), "Фусул әл-Хикам" (Даналық маржаны), "Китаб әл-Мусиқа әл-Кабир" (Музыка туралы үлкен кітап), "Тахсил әс-Сағада" (Бақытқа жету жайында) және т.б. бірқатар трактаттарын араб тілінен аударып, түсініктеме бердім. Олардың бірқатары мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша жарық көрді. Ғалым-энциклопедистің бұл шығармалары философия, мантық, поэзия, музыка, логика, физика, метофизика, тіл білімі сияқты көптеген ғылым салаларын қамтиды. Бірақ, осынша шығармаларды зерделей келе мен әл-Фарбиді жалаң материалист философ деп мүлдем айтпас едім, – дейді Жалғас Садуахасұлы.

Сондай-ақ ғалым бұл сөздері дәйекті болуы үшін мысалы ретінде Фараби шығармасынан бір-екі мәтіндерді келтіре кетеді.

Әл-Фараби "Әт-Тахсилу ала әс-Сағада" (Бақытқа жету жайында) атты трактатында "Бірінші бастама – Ол Құдай. (46-бет)" деп анықтама береді. Келесі "Әс-Сиясату әл-Мәданияту (Азаматтық саясат)" атты шығармасында "Бірінші себепке қатысты – Алла деп сену керек. Ол – Екінші себептердің және әрекетшіл ақылдың жаратылуының ең жақын себепкері" деп ойын топшылайды. Сөйтіп бұл шығармасында Құдайға қатысты "Бірінші Себепкердің артықшылығы" деген бөлім арнайды. Мұнда ол Жаратушының бар екенін және Оның бірлігін баяндайды: (39-бет) Бірінші Себепкер абсолюттік және кемшілік атаулыдан пәк. Одан артық жетілген және Одан артық лайықты болмыс болуы мүмкін емес. Дәл сол сияқты Одан бұрын болып өткен, болмысы жағынан Онымен бір сатыда тұрған, Оған тәуелді емес нәрсенің болуы мүмкін емес. Сондықтан Оның өз болмысын Өзінен бұрын болған басқа бір нәрседен алуы мүмкін емес. Өйткені Оның Өзіндік болмысын Өзіне қарағанда түрлі кемшіліктер тән нәрседен алуының ешбір қисыны жоқ. Сондықтан Өзінің мәні жағынан Ол басқалардың бәрінен мүлдем ерекше. (Әл-Фараби. Әс-Сиясату әл-Мәданияту (Азаматтық саясат). Бейрут-Любнан: Дар-уа-мактабатуль-хиляль). 1996. Ғалымның шығармалары кітаптың мазмұнына қарай мұндай мәтіндермен толы. Тек өз заманындағы философия тілімен жазылған, – деп жазды дінтанушы.
Кітапханалардағы әл-Фарабиге қатысты әдебиеттердің басым бөлігі кеңес заманынан қалған кітаптар. Ал қайта басылып шығып жатқандары тек сол ескіні қайта жаңғырту ғана. Араб, түрік, ағылшын, неміс, парсы, француз деректеріне сүйеніп жазылған жаңа басылымдар жоқтың қасы. Бүгінде түрлі тілдерді меңгерген жастар жоқ емес. Бастысы, дарынды жастарымыз қызығатындай ғылыми жобалар ұсыну, сөйтіп олардың потенциалын пайдалану. Мағжан атамыз «Мен жастарға сенемін» деп айтқандай жастарды тартуымыз керек, – деп санайды ғалым.

Жалғас Садуахасұлының айтуынша, қысқа мерзімді жобада сапалы еңбек жасалмайды.

Не үшін әл-Фарабиді тек мерейтойында ғана еске алып, қалған уақытта ұмыт қыламыз? Мардымсыз ақша беріп, қысқа мерзімді жобада сапалы еңбек жасалмайды. Мұны кез келген ғалым біледі. Қазақ еліне жоғалтып алғанын қайтырып, рухани жаңғыртамыз десек онда Қазақ елін әлімге танытқан данышпан әл-Фараби сияқты ғұламалар мұрасын зерттеуге, халық арасында дұрыс насихатталуына тиісті деңгейде мән берілуі тиіс деп ойлаймын. Әйтпесе, осылай ескі түсінікте, ескі пайымда қала береміз, – дейді Жалғас Садуахасұлы.

Сондай-ақ жақында әл-Фарабидің бірнеше трактаты жарыққа шығады деп күтіп отырғанын да жазды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы